«Бүгін 29 тамызда балаларымыз Қазақстан Ресубликасының Президенті мен Астана қаласының әкімдігіне арналған концертке қатысуға шақырылған еді. Балалар арнайы дайындықтарға қатысып жүрді, олар да басқалардай осындай салтанатты іс-шараға қатысамыз деп қуанып, бүгін ерте тұрып, әдемі концертке арналған көйлектерін киіп, боянып, концерт өтетін алаңға келіп едік. Балақайлар далада тұрып, билеріне дайындалып тұрған еді ұйымдастырушылар: «мүгедек арбада отырған балалар Президент пен әкімнің көзіне көрінбесін», - деп балаларымызды шараға қатыстырмай, қайтарып жіберді. Мүмкіндігі шектеулі балаларды біздің елде неге кемсітеді екен?! Олар өлең айтып, билеп талай шараға қатысқан, арбада отырып би билеу чемпионаттарынан бірінші орындар алған балалар еді. Мен 13 жыл шетелде тұрған адаммын, елім жайлы әрқашанда тек мақтанышпен айтып жүретінмін, бірақ қазір ызадан жарылайын деп тұрмын! Шетелдегі мүмкіндігі шектеулі адамдарға деген қарым-қатынасқа Қазақстанға жету қалай алыс десеңші... Бүгін біздің балаларды «Шабыт» университетіне тығып қойды, басқа балалар мен ересек адамдардың өнер көрсетулері аяқталғанша біз университет асханасында кезегімізді күтумен болдық, бірақ бізді ешкім шақырмады, себебі Президент пен әкім біздің арбаға таңылған балаларымызды көргісі келмейді екен!!! Елімізге қандай масқара!!!», - деп фейсбук әлеуметтік желісінде Айда Колпакова есімді әйел өзінің жеке парақшасында жазған екен.
Айдамен хабарласып мән-жайды сұраған едім. «Ұйымдастырушылар бізге сағат 14.30-да алдын-ала келісілген орында өз шығуларыңды күтіңдер деп айтып қойған еді, Салтанат, Айгүл есімді аналар бір-бір арбада отырған балаларымызбен орынымызда отырған едік, кенеттен қасымызға қауіпсіздік қызметінен бір адам келді, әлгі адам «бұл жерде не істеп отырсыздар?» деп бізге тіл қатты. Біз ол кісіге осы шараға қатысатынымызды, өнерімізді көрсету кезегімізді күтіп отырғанымызды айттық. Шараға Елбасы қатысқандықтан, қауіпсіздік қызметі жүретінін білеміз. Олар бізге бұл жерден арырақ кетуімізді талап етті, кейін олар бір-бірімен рация арқылы сөйлесті, сосын қауіпсіздік қызметінің бастығы біздің қасымызға келді. Сол кезде біз ұйымдастырушылардың қасында тұрған едік. «Бұлар мында не істеп жүр?! Президент шарадан кеткеннен кейін ғана кімді шығарсандар да өз еркілерін», деп сөзін бізге қаратып, аса дөрекілікпен әкіреңдеді. Сол жерде қауіпсіздік қызметінің адамдары ұйымдастырушыларға «осында мүгедектер болатынын неге алдын ала ескертпендіңдер», - деп айқалап жатты. Бізге «Шабыт» университетіне барып отырсын деп, концерт өтіп жатқан жерден шығарып жіберді. Біз ұйымдастырушылардан «бұлар кім?» - деп сұрағанда олар «әкімдіктің адамдары» - деп жауап берді.
Біз асханада күтіп отырдық, бізді ешкімде шақырмады, кейін өзіміз хабарласқанда ғана естеріне түстік, балаларымызбен сахнаға жүгіріп барғанда, барлығы тарап кетіпті, тек ұйымдастырушылар ғана жүр екен. Балапандарымыздың көңіл-күйлері қатты түсіп кетті, қаншама осы концертке дайындалғанбыз, таңертен әдемі киіндіріп, балаларымызды алып келген едік... Қызым осы оқиғадан кейін: «Анашым, біз басқамыз ба? Сіздер сияқты емеспіз бе?», - деп сұрады. Қайтейін, жүрегім қатты ауырып кетті, кейін ұйымдастырушылар кешірім сұрап, балаларымызға шоколад ұсынды, балам алмай бас тартты. Елге бүгінгі келеңсіз оқиғаға тап болған қызымның өтінішімен қайтып оралған едік, енді не қуанарымды не жыларымды білмеймін...
Салтанат есімді ана: «Әкетіңдер бұларды!» деп бұйрық беріп жатқан Президенттің қауіпсіздік қызметі адамының сөзін өз құлағыммен естідім. Балаларымыз суық күндерге қарамай дайындыққа қатысып жүрді. Қызым менен: «Бүгін сонда дайындық па болған?» - деп сұрады. Мен не деп жауап қатарымды білмей қалдым. Ұйымдастырушылардың «Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» - деп көрсеткілері келгендері осы ма еді?!.
Қымбат Керейбай
Астана қаласы