Биылдың 26 мамыры мен 17 маусымы аралығында «Жазғы мектеп» жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, пандемия, шектеу шаралары кезінде орын алған білімдегі олқылықтардың орнын толтыру және білім сапасын арттыру мақсатында 2022 жылдың 26 мамыры мен 17 маусымы аралығында «Жазғы мектеп» жұмыс істейді.
Жазғы мектептің мақсаты – белсенді түрде оқушылардың білімін тереңдету. Жазғы мектепте білімді толықтыру бойынша оқу процесі мектептің бекітілген жұмыс оқу жоспарына сәйкес жүзеге асырылады. Жазғы мектепке 1-8 және 10 сынып оқушылары қатысады. Жазғы мектепте білім алу тегін. Білім беру ұйымы сабақтардың икемді кестесін жасайды.
Білім беру ұйымының басшысы Жазғы мектептің жұмыс істеуі туралы бұйрық шығарады. Білім беру ұйымы қол жеткізілмеген оқу мақсаттарын ескере отырып, Жазғы мектептің жұмыс жоспарын жасайды және оқу процесінің ұйымдастырылуын және оқушылардың оқу жетістіктерін бақылайды.
Жазғы мектеп бағдарламасына алшақтықты жою пәндері бойынша оқу сабақтарынан басқа, жобалық және ғылыми-зерттеу жұмыстары, зертханалық жұмыстар, сыныптан тыс жұмыстардың кең ауқымы, дәрістер, семинарлар, шығармашылық студиялар, спорттық-шығармашылық іс-шаралар мен экскурсиялар, ашық ауада іс-шаралар кіреді.
Таратылған мәліметке қарағанда, жазғы мектеп жұмысын ұйымдастыру кезінде мұғалімдер биылғы оқу жылына бекітілген жүктемесі аясында 17 маусымға дейін жұмыс істейді, содан кейін мұғалімдерге 56 күндік демалыс беріледі.