03 сәу, 2018 сағат 10:11

Мұғалімдердің жалақысын көтеруге қанша қаржы бөлінетіні белгілі болды

Бүгін Үкімет отырысында 2018 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сіздердің назарларыңызға ағымдағы жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы ұсынылып отыр. Құжат Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауларында және Президенттің 5 әлеуметтік бастамаларында берілген тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. 2018 жылға арналған республикалық бюджеттің бекітілген көрсеткіштерін нақтылауға елдің өзгертілген макроэкономикалық  көрсеткіштер болжамы негіз болды. Осылайша республикалық бюджет түсімдері 81 млрд теңгеге ұлғайтылып, 8 трлн 759, 7 млрд теңгені құрады», - деді заң жобасын таныстырған ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Министрдің айтуынша, 2018 жылға арналған республикалық бюджет шығыстары 417 млрд теңгегеден 425 млрд теңгеге ұлғайып, 9 трлн 643 млрд теңгені құрайтын болады. Осы қаражат көлемінен 292,5 млрд теңге Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауларын іске асырға бағытталатын болады.

«Бірінші блок адами капитал сапасын жақсартуға 106 млрд теңге бағыталатын болады. Оның ішінде мұғалімдердің жалақысын 30-дан 50 пайызға көтеруге 62 млрд теңге, Назарбаев Университетін одан ары дамытуға 31 млрд теңге, мүгедектердің күтімін жүзеге асыратын адамға жаңа жәрдемақы төлеуге 2,7 млрд теңге бағытталады», - деді Бақыт Сұлтанов.

Оның дерегінше, экономиканың нақты секторлары мен аймақтарды дамытуға 115 млрд теңге бағыттау ұсынылады. Оның ішінде ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге қосымша 31 млрд теңге бөлінеді. Мұнан бөлек салынып жатқан тұрғын үй нысандарына коммуникациялық инфрақұрылым  тартуға 31,5 млрд теңге, жергілікті жолдарды жөндеуге 29 милрд теңге және агроөнеркәсіп кешенін кредит және лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, агроғылымды дамытуға 15,6 млрд теңге бағытталады. Кибер қылмыспен  күрес бойынша іс-шараларға 71 млрд теңге жұмсалады.

«Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы негізіндегі іс-шараларды іске асыруға және 3, 4 бастамаларға 25 млрд теңге бағыттау ұсынылады. Нақты айтқанда, білім беру тапсырысын 20 мың грантқа ұлғайтуға 5 млрд теңге, микрокредиттеуді 60 млрд теңгеге жеткізу мақсатында қосымша 20 млрд теңге бағытталатын болады. Мұнан басқа бюджет жобасында Президенттің тапсырмалары мен бұрын  қабылдаған міндеттемелер бойынша жалпы сомасы 99 млрд теңгені құрайтын шығыстар ескерілді», - деді Бақыт Сұлтанов.

Министрдің сөзіне қарағанда, аталған шығыстар аясында  25 млрд теңге Астананы, 11 млрд  теңге Алматы қалаларын одан ары дамыту, әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша іс-шарлар мен жобалар қаржыландырылатын болады.

Осыдан кейін Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев 2018 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы мақұлдауды ұсынып, оны Министрлер кабинетінің мүшелері қолдады.

«Премьер-Министрдің кеңсесі Қаржы министрлігімен бірлесіп, тиісті заң жобасын 4  сәуірден кешеуілдетпей Парламент қарауына енгізетін болсын», - деп тапсырды Бақытжан Сағынтаев.