ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауындағы 10 негізгі міндеттің бірі адам капиталының жаңа сапасына арналған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Білім беру жүйесінің барлық деңгейі заманауи өзгерістер мен экономика сұраныстарына жауап беруі тиіс. Бұл ретте мұғалім мамандығының беделін арттыру қажет. Денсаулық сақтау саласында жаңа технологияларды қолдану аурудың алдын алу мен емдеуді айтарлықтай жақсартып, медициналық қызмет көрсету сапасын көтеруі тиіс», - деді Елбасы өз мәлімдемесінде.
Мемлекет басшысы 2016-2017 жылдары Қазақстандағы әлеуметтік төлемдердің үш рет көтерілгенін еске салды. Соның ішінде базалық зейнетақы - 29 %, ынтымақтық зейнетақы - 32%, денсаулық сақтау саласындағы еңбекақы - 28%, білім беру саласында - 29% және мемлекеттік қызметшілердің жалақысы - 30 пайызға көбейген.
«Бұл үрдіс әлі де жалғасады, - деп атап өтті Н.Назарбаев. - Биыл әлеуметтік салаға бюджеттен бөлінген қаражат 12 пайызға артып, 4 трлн теңгеден асты. Базалық зейнетақы еңбек өтілін есепке ала отырып, орта есеппен 1,8 есеге ұлғаяды. Оқу бағдарламаларының жаңартылған мазмұны аясында оқытуға көшкен мұғалімдердің лауазымдық жалақысы біліктіліктеріне қарай 30%-дан 50%-ға дейін артады».
«Аталған міндеттерді орындау үшін бүкіл қоғамның бірлігі мен ынтымағы керек. Ол үшін Үкімет пен әкімдер кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Отанымыздың көркеюі әркімнің жаңа «цифрлық дәуір» талаптарына сай болуына байланысты. Осыны әрбір қазақстандық терең түсінуі керек. Қазақстанның жарқын болашағы жолында барлық мақсаттарға қол жеткізетінімізге кәміл сенемін», - деп өз сөзін түйіндеді Н.Назарбаев.
Еске сала кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауына байланысты республикалық телеарналар эфирінен мәлімдеме берді және жүзеге асырылуы тиіс 10 негізгі міндетті атап көрсеткен еді.