Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Еске сала кетейік, бүгін ҚР Үкіметінің отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қыркүйек айынан бастап жаңартылған білім беру мазмұнына көшетін 3, 6, 8 сыныптарға оқулықтар сатып алу үшін 28,6 млрд тг бөлінгенін айтты. Министрлік оқулықтардың жеткізілуіне күн сайын мониторинг жүргізуде.
Өз кезегінде вице-министр Асхат Аймағамбетов БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап бере отырып, елімізде бүгінде оқулықтарды жеткізу бойынша белсенді науқан жүргізіліп жатқанын айтты. Жалпы, жаңа оқу жылына дайындық кезіндегі ең басты мәселелердің бірі — мектептерді қажетті материалдармен қамтамасыз ету. Оқулықтарды жеткізу қарқыны жаман емес. Бүгінгі күні оқулықтардың 91% жеткізілген. Осы аптаның соңына дейін бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу көзделген.
Сондай-ақ, А. Аймағамбетов Астанада оқулықтарды уақытылы жеткізбеу мәселесі шешілгенін айтты. Бір апта ішінде мұнда оқулықтардың 50% жеткізілді. Осы аптаның соңына дейін қалған бөлігін жеткізу жоспарланған.
Бұдан өзге, Білім және ғылым министрлігінде мұғалімдер толтыруы тиісті бес құжат анықталған.
«Биыл Министрлікте мұғалімдер толтыруы тиісті тек бес құжат анықталған бұйрық қабылданды. Бұл: күнтізбелік-тақырыптық жоспар, әр сабақтың жоспары, критерийлік бағалау, күнделік және сынып журналы», — деді А. Аймағамбетов.
Сонымен қатар, вице-министр басқа құжаттарды толтыруға қатаң тыйым салынғанын және ҚР БҒМ бұны қадағалайтынын атап өтті.
«Егер мектеп директоры, білім беру басқармасы басқа құжаттарды толтыруды талап етсе, Білім және ғылым министрлігінің бақылау департаментіне жүгінуге болады. Біз шара қабылдаймыз», — деді А. Аймағамбетов.
Естеріңізде болса, вице-министр биыл жыл соңына дейін 72 жаңа мектептің пайдалануға берілетіні туралы айтқан болатын.