Фото: Undrey / Shutterstock
Өскемен қаласындағы №8 арнайы мектеп-интернатта болған мұғалім мен оқушының арасындағы кикілжіңге байланысты тексеру жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қала тұрғыны №8 арнайы мектеп-интернатында 9-сыныпта оқитын қызын мұғалімнің ұрып-соққанын айтып, полицияға шағымданды. Бұдан бөлек, ол дәл сол мектепте білім алатын ұлының мектеп аумағында ұстаздардың қарауынсыз жүргенде қолын сындырып алғанын жеткізген.
Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасы ресми түсініктеме берді.
«Мұғалімнің қызды соққаны расталмады. Сот-медициналық сараптама нәтижесінде жасөспірімнен ешқандай жарақат табылмады. Бейнебақылау камераларының жазбасынан көрінгендей, мұғалім балаға ескерту жасады, бірақ қыз еш жауап бермей, ары қарай жүгіріп кеткен. Сол кезде педагог оның соңына түсіп, бұрымынан ұстады. Ал оқушы жауап ретінде мұғалімнің шашынан ұстаған», - дейді басқарма басшысының орынбасары Динара Шаухина.
Осы жағдайдан кейін мұғалімге қатаң сөгіс берілген.
Екінші оқиғаға қатысты да тексеру жүргізілді. Белгілі болғандай, оқушы доппен ойнап жүрген кезде құлап, жарақат алған.
«Мектепке бірден жедел жәрдем қызметкерлері шақыртылды. Олар баланы қаладағы Ана мен бала орталығына жеткізген. Ешкімнің кінәсі жоқ екенін баланың өзі де растады», - дейді Шаухина.