03 қаз, 2016 сағат 07:44

Мойнында қарызы бар кәсіпкерлер кәсіпқой бокс тамашалап жүр ме?..

Мемлекет кәсіпкерлікке айтарлықтай жағдай жасап отыр. Мемлекет тарапынан берілетін субсидия, арнайы несиелендіру, салық жеңілдігі мен кәсіпкерлік мектепте тегін оқыту республиканың барлық аймағында жүзеге асырылуда. Әсілі, бұл шаралар шағын және орта кәсіпкерлікке ғана қатысты сияқты. Себебі ірі кәсіпкерлердің төленбеген салығы мен қарызы шаш-етектен болса да, шаруасы түгел.. Кейбір ірі кәсіпорын қожайындары қоластындағы жұмысшыларына айлап жалақы бермеуді шығарған. Соған қарамастан, отандық кәсіптің иелері шетел асып, ойын-сауық құруды сәнге айналдырса керек. Қарағанды облысының басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков аймақтың Еңбек инспекциясы басқармасы мен әкімдеріне жұмыс берушілердің бетін бері қаратып, түрлі ойын-сауық бағдарламалар мен Геннадий Головкиннің жекпе-жегін тамашалаған басшыларды ауыздықтауды тапсырды.

Жұмысшы еңбегін жеп қойған…

Қарағанды облысында ірі кәсіпорындар көп. Еліміздің ауыр өнеркәсібінің басым бөлігі осы аймақта шоғырланғаны белгілі. Бірақ аймақтың жұмыс берушілері мен жұмысшыларының арасында жалақы мәселесі жиі өршіп тұрады. Уақтылы айлық бермеу мәселесі былтыр да көпшіліктің назарын өзіне аударған болатын. 2015 жылы прокурорлық қадағалау шараларының арқасында 463 миллион теңге сомасындағы жалақы берешектері төленіп, 6 мыңнан астам жұмысшының еңбек құқықтары қорғалды. Жыл басында тағы да бірқатар кәсіпорындардың үстінен осы мәселе бойынша шағым түскен еді. Онда 10 кәсіпорын жұмысшыларға 84 миллион теңге берешек боп шыққан. Десе де, металлургия мен құрылыс саласында жиі орын алатын мұндай жайт тапсырыс берушілердің кесірінен болады деп жалтарады кәсіпорын басшылары. Қарағанды облыстық прокуратурасы бірінші басқарма бастығының орынбасары Бауыржан Мағжанның айтуынша, бұл экономикалық дағдарыспен тікелей байланысты. Дағдарыстың облыстарды ғана емес, бүкіл әлем елдерін шарпығанын ескерсек, бұл жергілікті кәсіпорындар үшін сылтау бола алмайды. Биыл да Қарағанды облысының 5 кәсіпорны қиын жағдайға тап болған. Облыстың екі ірі кәсіпорнында жұмысшылардың еңбекақысы төленбеген. Мысалы, солардың бірі 402 жұмысшыға 42 миллион теңге қарыз. Бұл қалай пайда болды дейсіз ғой? Жұмысшының адал еңбегіне төленуі тиіс айлық бірнеше ай бойы берілмеген. Облыстық прокуратура бұл кәсіпорында тергеу жүргізді, қазір әкімшілік жауапкершілікке тартылды дейді облыс басшысы. Жұмыс беруші мүліктің жартысын сатты, алайда қарызының көлемі 38 миллион теңгеге ғана азайды. Қазір бұл іс сотқа берілген.

Әбдібековтің айтуынша, мұндай кәсіпкерлерді жарығы мен суын өшіру арқылы жазалау керек. Сондай-ақ, шетелде демалып, коммерциялық жекпе-жектерді шаршы алаң шетінде отырып тамашалайтындар қаржыны қайдан тапқанын міндетті түрде анықтауды тапсырды. Ол үшін қарызы барлардың есімдерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы тәртіпке салу жағы қаралады. Асылы, бұл жағдай кәсіпкерлерді ауыздықтаудың ортақ механизмін ойлап табуды қажетсінеді. «Бұл жағдайға қатысты атқарушы билік өкілдері қандай да бір шара қолдануы қажет. Егер де жұмысшы жалақысын уақтылы алмайтын болса, ол азаматтың коммуналдық төлемдерді өтеуде қарызы пайда болады.  Сондықтан да жұмыс берушінің қоластындағы жұмысшысының  қарыздары бар екенінен хабары болу үшін не істеу керек? Ендігіде соттың шешімімен қарыз адамдардың коттедждеріндегі жарықты, суды және кәріз жүйесін өшіріп тастайық. Жұмысқа алушы да қоластындағы қызметкеріне жауапты болсын. Жұмыс берушілердің естерін жидырту керек. Еңбек инспекциясы басқармасындағылар, жұмыс берушілердің қайда демалып жүргендерін тексересіздер ме? Оның миллиондаған қарызы жатыр. Бірақ ол шетелде демалып, Головкинның кездесуін көріп жатқан болар. Осындай «батырлардың» есімін БАҚ арқылы жариялаңдар», – деді облыс әкімі.

Тапсырыс берушілер кім?

Жыл басында жұмысшылардың қарызын төлемеген кәсіпорындардан жауап алынғанда, жауапкершілікті тапсырыс берушіге жылы ысырып қойған болатын. Ал тапсырыс беруші – «Арселор Миттал Теміртау» АҚ. Бұл компанияның жергілікті экологияға келтіретін зиянын былай қойғанда, жұмысшылармен өзара келіспеушіліктері жиі орын алып тұрады. Биыл да 56 мердігер компанияның жұмысшыларына миллиондаған қаражат қарыз. Бұл мердігер компаниялардың барлығы «Арселор Миттал» компаниясының жөндеу, қалпына келтіру, құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігерлер. Олардың айтуынша, тапсырыс беруші  бірнеше айдың жалақысын кешіктіріп отыр. Сондықтан олар бұл қаржыны сот арқылы өндіруге әрекеттенуде.

Облыс көлемінде Пархоменко атындағы Қарағанды машинажасау зауытының да жұмысшыларына қарызы бар. 116 жұмысшыға 19 миллион теңгенің қаражаты төленбеген. Облыстық баспасөздің дерегіне сүйенсек, тапсырыс беруші «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-нан уақтылы қаржы түспеген. Қазір іс сотқа бағытталған. Ал екінші кәсіпорын 132 жұмысшыға 3 миллион теңге беруі тиіс. Еңбек инспекциясының мәліметінше, Приозерскідегі тағы бір кәсіпорын – АТТА Сервис ООО «Корпорация АТТА групп» филиалы 177 жұмысшыға 54 миллион теңге өтеп беруі тиіс. Облыста жыл басынан бері айлық еңбекақыны төлемеу бойынша 93 тексеріс жүргізілген. Заңбұзушылықтар мен уақтылы айлық төлемеу бойынша кәсіпорын басшыларына 14,4 миллион теңгенің 91 әкімшілік салығы салынды.

Салықтан жалтарғанның жазасы қандай?

Жұмысшы ақысын жеп, шетелде сайрандап жүрген кәсіпкерлер өз алдына, бюджетке төленуі тиіс салықты белуардан аттап өтетіндер де баршылық. Бұл нақты кәсіппен айналысатындар арасында жиі тіркелетін жайт. Негізі, сот мамандарының айтуынша, бұл кәсіпкерлікті дөңгелетіп әкету үшін, өз қаражатын үнемдеу үшін, неғұрлым көп қаражат қармап қалу үшін жасалатын қылмыстың сорақысы. Салықтан жалтарудың жолы көп. Мысалы,  құжат жүзінде өздеріне қатысты фирмалардың, контрагенттердің шығындарын және қосылған құн салығының есепке алынатын бөлігін көбейту арқылы салық төлеуден қасақана қашып отырады. Сонымен қатар онкологиялық ауруларға шалдыққан және егде адамдардың атынан, мүлде тіркеуде жоқ есімдерді пайдаланып кәсіпорын ашқаннан кейін ұйымдастырушылары зым-зия жоғалады. Бұл жалған кәсіпкерлік болып табылады. Бірақ мұның жазасы ауыр емес екен. Мәселен, жыл басында Алматы қаласында жалған кәсіпкерлікпен айналысқан  атышулы топтың соты аяқталды. Олардың соттағы тергеу материалдары 87 томға жеткен. Ал мемлекетке келтірген шығыны өлшеусіз. Бақандай 1,4 миллиард теңге жымысқы қолдардың уысында кеткен. Сотта жауапқа тартылған бас күдікті С. Павловаға 3 жыл 6 ай берілді, ал сыбайласына 3 жыл берілді. Үш жылды өтеген соң, түрмеден шыққан әккі кәсіпкерлердің қайтадан күмәнді кәсіп ашып, көлеңкелі экономиканы кеңейтпесіне кім кепіл?

Мұндай жайттар елімізде жиі тіркеледі. Өкініштісі, жазасы жеңіл болғандықтан, ірілі-ұсақты алаяқтар мемлекеттік құрылымдардың талаптарын айналып өтуге тырысатыны да жасырын емес. Еліміздегі жалған кәсіпкерлік 6 есеге көбейген. ҚР Бас прокуратураның мәліметінше жалған кәсіпкерліктің соңғы 5 жылдағы шығын көлемі 242 млрд теңгеден асқан. «2011 жылы 438 қылмыс тіркелген болса, өткен жылы саны 2626-ға жеткен», – дейді ол. 2015 жылдан бастап, яғни Мемлекеттік кіріс комитеті құрылып, қылмыстық қудалаудың жаңа тәртібі енгізілген сәттен бері белсенділік байқалып келеді. «Осы жылы да жалған кәсіпкерлік өсімі сақталды. 2016 жылдың бірінші тоқсанында 628 қылмыс тіркелген, өткен жылғы бұл уақытта көрсеткіш 261 болған еді. Егер 2011 жылы бекітілген шығын 27,7 млрд теңге болса, 2015 жылы ол 85,5 млрд теңгеге жетті. Дегенмен атап өту керек, бұл цифрлар елдегі жалған кәсіпкерліктің шынайы масштабын көрсетпейді», – деп көрсетеді.

Жалған кәсіпкерлік ел экономикасына да үлкен шығын келтіруде. Бас прокурор жалған кәсіпкерлікпен күрестің тиімділігін арттыруға әсер ететін факторлар да аталды. Жалған кәсіпкерлікпен күрес тек қылмыстық-құқықтық шаралармен шектеліп қалмауы тиіс. Расында, күні ертең мерзімін өтеп шыққан «кәсіпкер» алаяқтық әрекетіне қайта баруы мүмкін.

Маңғыстау тәжірибесін қолданған абзал

2015 жылы Ақтау қаласында салықтан жалтарып, жұмысшыларына жалақы төлемеген кәсіпкерлердің саны 34 мыңға жеткен. Олардың қарызының жалпы сомасы – 16 миллиард теңгеден асқан. Осы қаражатты бюджетке қайтару мақсатында Маңғыстау облысының басшылығы тиімді шара қолданды. Бірнеше ықшамауданда көпшіліктің назарына борышкерлердің есімі жазылған баннерлер ілінді. Осылайша 2,5 миллион теңгенің салығы бір күннің ішінде төленді. Ақтау қаласының мемлекеттік табыс басқармасының басшысы Жасұлан Серіктің айтуынша, осы акцияның нәтижесінде ықпалды тұлғалар қарызынан құтылуға асыққан көрінеді. «Тіпті, қашып-пысып жүргендердің өзі келіп, мемлекетке салық төледі. Бір айдың ішінде 135 миллион теңгенің салығы өтелді. Баннерлерге есімі жазылған борышкерлер жалпы 4 миллион 454 мың теңгенің берешегін төледі», – деді Жасұлан Серік. Көпшілік бұл әдісті тым қатал санайды. Өйткені бір адам туралы мәлімет, онық салығы мен берешегі туралы ақпарат көпшіліктің назарына шығарылмауы тиіс. Десек те заң мамандары бұл жағдайда адамның аты-жөні коммерциялық құпияға жатпайды дейді. Бұл мәліметтерді жариялау ешқандай заңға қайшы емес. Салық төлеу – Қазақстан Республикасы азаматының басты борышы. Сондықтан мемлекеттік табыс органдары өз құзырынан тыс ештеңе жасаған жоқ дейді Маңғыстау облысының Әділет басқармасының басшысы Бақтыгүл Атағазиева.

Ақниет Оспанбай, "Түркістан" газеті