15 нау, 2022 сағат 11:06

Мораторийді алып тастағаннан кейін жанар-жағармай бағасының өсуіне жол бермеу керек - Пірматов


Мораторийді алып тастағаннан кейін жанар-жағармай бағасының өсуіне жол бермеу керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үкімет пен әкімдіктердің 2022-2024 жылдарға арналған Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар кешенін тиімді іске асыруы, реттелетін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтеріне, жанар-жағармай бағасының өсуіне енгізілген мораторий және тұтынушылық сұраныстың шектеулі динамикасы инфляцияға тежеуші ықпал ететін болады. Мораторийді алып тастағаннан кейін жанар-жағармай бағасының өсуіне жол бермеу керек. Ол үшін шамадан тыс делдалдықты жоя отырып, нарықтық баға белгілеуге және нарықтарды теңгерімді дамытуға жағдай жасау қажет», - деді ҰБ төрағасы. 

Сондай-ақ оның пайымынша, азық-түлік пен тыңайтқыштарға әлемдік бағаның өсуі тарапынан инфляция үшін тәуекелдерді барынша азайтқан жөн. Ол үшін сауда іс-шараларын қабылдау, логистикадан туындайтын проблемаларды жедел шешу, тиімді тауар интервенциялары, құбылмалылықты ретке келтірудің нарықтық тетіктерін енгізу ұсынылады.

«Осы тұрғыда бүгінгі отырыстың күн тәртібінде тұрған Орта мерзімді кезеңде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын тиімді іске асырған жөн. Азық-түлік инфляциясын тұрақтандыру инфляцияны төмендетуде маңызды болып табылады. Ұлттық банк әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша ғана емес, инфляцияға елеулі үлес қосатын басқа да тамақ өнімдері бойынша жұмыс жүргізілуі тиіс деп есептейді. Бағаны тұрақтандыру үшін Ұлттық банк өз тарапынан базалық ставка бойынша алдағы шешімдерді болжамды және нақты инфляцияны, инфляциялық күтулерді және геосаяси жағдайдың дамуы мен оған қаржы нарықтарының ықпалын ескере отырып қабылдайтын болады», - деді Ғалымжан Пірматов.