21 сәу, 2020 сағат 20:03

Моншада көңіл көтерген жемқорлықпен күрес қызметкерлеріне сот айыппұл салды

Карантин кезінде моншада көңіл көтерген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің лауазымды тұлғаларына сот 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл тағайындады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қмола облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2020 жылғы сәуірдің 21-де Көкшетау қалалық мамандандырылған әкімшілік соты төтенше жағдай режимін бұзған жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің үш қызметкеріне максималды жаза тағайындады. ҚР ӘҚбК 32 бабы сотқа құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қамау жазасын тағайындауға рұқсат етпейді. Аталмыш құқықбұзушылықты жасау кезінде оның қатысушылары құқық қорғау жүйесінің қызметкерлері болды. Сондықтан сот Р.Тұрғамбеков, Ж.Ақмолдин, А.Қағарманға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл түрінде максималды жаза тағайындады», - деді Ақмола облыстық сотының баспасөз хатшысы Күләш Домалақова.

Сонымен қатар, ол қалған екеуінің ісі ертең қаралатынын атап өтті.

Айта кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің лауазымды тұлғалары төтенше жағдай кезінде Көкшетаудағы монша кешенінде көңіл көтеріп жатқан жерінде ұсталған еді. 

Кейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облыстық департаментінің тергеу басқармасы қызметкерлерінің төтенше жағдай режимін бұзу фактісі бойынша қызметтік тексеру жүргізді.

Нәтижесінде 20 сәуірде агенттіктің орталық аппаратының тәртіптік комиссиясының шешімімен осы оқиғаға қатысы бар жемқорлықпен күрес қызметкерлерінің барлығы қызметінен қуылды.

Ал, облыстық департамент басшысы М.Төлеубаев жеке құраммен алдын алу жұмысын нашар ұйымдастырғаны үшін қызметіне толық сәйкес еместігі түрінде жауапқа тартылды.