Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жалғас Әділбаев канадалық отбасы Крейг Портелл мен Сара Портеллді және олардың екі қызын қабылдады. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Елшіліктің желідегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Крейг Портелл 1998 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағына алғашқы рет келіп, жергілікті қандастарымызға ағылшын тілінен сабақ берген. Кейін Портелл отбасы осы аймаққа көшіп келіп, 8 жыл ішінде «Nova Lingua» Білім орталығын ашып, жергілікті қазақтарға ағылшын тілін, ал Баян-Өлгий табиғатын қызықтау үшін келген шетел туристеріне қазақ тілін үйретумен айналысқан. Қазіргі уақытта Ұлан-Батыр қаласында мұғалімдік мамандықтары бойынша жұмыс істейді.
Кездесу барысында Портелл отбасы қазақ тілін меңгеру қиын болмағанын және балалары да аздап қазақша түсінетіндерін айтты. Болашақта Крейг пен Сара Қазақстанға қоныс аударуды және еліміздің сат-дәстүрімен және әдет-ғұрпымен танысуды жоспарлауда.
Өз кезегінде Елші Ж.Әділбаев келе жатқан Наурыз мейрамы қарсаңындағы Елшілік тарапынан ұйымдастыратын іс-шараларға белсене қатысуға шақыра отырып, ана тілімізді меңгерген өзге ұлт өкілдеріне қолдау көрсетуге дайын екенімізді жеткізді.
Кездесу соңында, қазақстандық дипломат қонақтарға Қазақстаннан естелік ретінде ұлттық нақыштағы сыйлықтарды тарту етті.