Молдова парламенті үкімет ұсынысымен газ тапшылығына байланысты елде төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды Азаттық.
22 қазаннан бастап 20 қарашаға дейін созылатын төтенше жағдай кезінде ТЖ жөніндегі комиссия "табиғи газдың жетіспеген бөлігін шұғыл түрде сатып алуға күш салады".
Осыған дейін Молдова үкіметі ресейлік "Газпромға" балама тасымалдаушы табылмай, газ тапшылығы мәселесі ушықса, төтенше жағдай жариялайтынын ескерткен. Аймақтағы ірі газ монополисі – "Газпром" Еуропада энергетика дағдарысы ушықққан тұста Молдоваға газ тасымалдауды күрт қысқартқан.
Молдова премьер-министрі Наталия Гаврилица республикалық газ құбырларындағы қысымның ең төменгі деңгейге түсіп кеткенін хабарлады.
2,6 млн тұрғыны бар, Румыния мен Украина арасында шоғырланған Молдова Еуроодақ тасымалдаушыларынан көмек күтеді. "Газпроммен" ұзақмерзімді келісімнің мерзімі аяқталып келеді. Ресейлік концерн Кишиневтен жуырда мерзімі аяқталатын келісімде көрсетілген бағадан екі есе төлемді талап етіп отыр.