Сурет: idel-tat.ru
Татардың күрескер, ұлы ақыны Мұса Мұстафаұлы Жәлел өткен ғасырда қазақ елінің астанасы болған, қазіргі Ресейдің құрамындағы Орынбор облысының аумағындағы Мұстафа ауылында 1906 жылы дүниеге келген. Кішкентайынан ауылдағы қазақ балаларымен ойнап өскен ол қазақшаға жетік болған. Алғашқы өлең-жырларын бозбала кезінен жаза бастаған дарынды ақын, 1931 жылы Мәскеудің Мемлекеттік университетін үздік бітіреді. Сонан кейінгі жылдары, сол Мәскеуде шығатын татар тіліндегі «Жас достар» және «Октябрь перзенті» журналдарының редакторы болып қызмет атқарады. Осы кезеңде айналасына татардың және бауырлас түркі елдерінің оқып жүрген жастарын жинап, олардың ел болашағы үшін дұрыс жолға түсіп, қажырлы жұмыс істеулеріне септігін тигізеді. Сондай-ақ туған еліне келіп, 1939-1941 жылдары Татарстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып қызмет етеді. Соғыс басталған жылдары Кеңестік Қызыл армияның қатарында, қаламмен, қарумен фашисттік Германияға қарсы соғысқа қатысады. Соғыс біткен соң, марқұм болып кетсе де, 1956 жылы сұрапыл майданда көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Осы атаққа дейін, 1948 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағымен марапатталады.
Ақын өзінің тірі кезінде жазған: «Таразы», «Өткен жолдар», «Екпінді партизан», «Көктем сапары», «Орденді миллиондар» тағы басқа жыр кітаптарымен және «Алтыншаш», «Ильдар» операларының авторы ретінде кеңінен танылады. Оның жау қапасында тар жол, тайғақ кешуде жүріп жазған атақты «Моабит түрмесінде» атты өлеңдер жинағы Кеңестер Одағында жоғары бағаланып, кейіннен татардың бұл атақты азаматына ұлы Мұхтар Әуезовтың дәнекер болуымен, халықаралық Лениндік сыйлықтың лауреаты атағы беріледі.
Сол жау қолында тұтқын бола жүріп;
- Ашшы мынау қараңғылық сарайын,
Бой жазайын, бостандыққа барайын!
Қайда сонда еркін өскен кең далам?
Көз жіберіп биік шыңнан қарайын! – деп ащы жалынмен жырлайды.
Жоғарыда айтқанымыздай, Мұса Жәлел - қазақша жақсы сөйлеген азамат. Қазақ әндерін нақышына келтіріп орындайтын адам болған. Мүмкін мұнысы Орынбор аймағындағы қазақтардың арасында өскендіктен болар. Қазақ елін соншалықты құрметтеген.
Соғыстың алғашқы уақыттарында Кеңес Одағының әскерлері неміс фашисттерінен күйрей жеңіліп, кері шегінгендігін білеміз. Көптеген Кеңес армиялары жаудан ойсырай ұтылып, құрамындағы миллиондаған адамдар немістердің қолына түсті. Әсіресе, Қырым түбегімен, Харьков бағытындағы майданда Кеңес әскерлері түбегейлі жеңілді. 47, 44, 51 және 9, 57, 6-шы армиялардың тас-талқаны шығып, қырылып кетті. Беларуссия мен Украина жау қолында қалды. Ленинград қоршауға алынды. Соның бір дәлелі, армия генералы Власовтың сатқындық әрекетінің арқасында, қарамағындағы миллион жарым адам фашисттердің қолына берілді. Бұлар, Мәскеуді де тастап кетерме еді, егер Қазақстандық 316-шы дивизия болмағанда!
Майдан даласындағы сұрапыл соғыс кезіңде, майдандық «Отвага» газетінің тілшісі Мұса Жәлелдің иығына жау оғының жарқыншағы тиеді. Дәрияның асау толқыны соққандай оны редакцияның арнайы машинасынан жұлып алып, біраз жерге лақтырып тастайды. Сол жақ бұрғанасы едәуір зақымданған оның сол қолы салбырап бос қалады. Бұл 1942 жылдың шілде айы болатын. Бұның қалай болғандығын ақынның «Моабит дәптеріндегі» «Кешіре гөр, Отан» деген өлеңі жауап береді. Қатты жараланып, қансыраған жауынгер ақын өзін енді болмағанда атып тастай жаздайды, бірақ, қолындағы қаруы от алмай қалады. Сөйтіп, жау қолына түседі.
Мұса Жәлел тағдыр тәлкегімен әуелі Двинск түбіндегі, содан соң Рига, Каунас маңайындағы, кейін Хельм, Орш, Седльц, Вустрау елді мекендеріндегі лагерлерді кезеді. Бірнеше ай осылай біраз жерді шарлатып, сандалтқан соң немістер оны Польша жеріндегі Демблин қорғанындағы қапасқа әкеледі. Еділ аймағынан шыққан ұлттарды, негізінен татарлар мен башқұрттарды, фашисттер осы жерге жинай бастады. Бұл түсінікті жағдай болатын. Өйткені, 1942 жылдың сәуір айында Гитлер әртүрлі ұлттық бөлімдерді, сондай-ақ, тамызда Еділ – Орал халықтарының (оның ішінде қазақтарда бар) легионын құру жөніндегі бұйрыққа қол қояды. Түркістан Ұлттық комитетінt Вали Каюм-хан жетекшілік етсе, Еділ татарлары комитетін Шафи Алмазов басқарады. Мұса Жәлел өзінің достарымен бірге, тұтқынға түскен кеңес әскерлері арасында листовкалар таратып, құпия жағдайда жасырын қарсыласу тобтарын құрады. Бірақ, араларынан шыққан сатқындардың кесірінен, жау жағы бұлардың әрекетін біліп қойып, Мұса Жәлел 1943 жылдың тамызында Радомда қатаң қадағалаудағы абақтыға жабылады. Сонымен қатар, келесі күні Радом, Едлин, сондай-ақ, Берлиндегі, Познаньдағы, Гамбургтегі, Вустраудағы, Свинемюнде орналасқан лагерлердегі бұлардың жақтастары түгелімен тұтқынға алынады. Қатты қинаудан өткен ақынның қолдары сындырылып, саусақтары уақталады. Бірақ, ақын мен оның жақтастары өздерінен басқа ешкімді ұстап бермейді. 1944 жылдың тамызында өткен әскери сот бұларды ату жазасына кеседі. Сондай-ақ, Мұса Жәлелмен бірге отырған Моабит, Тегель, Шпандау және Дрезден түрмелеріндегі мыңдаған татарларды бұлармен қосып, бір уақытта атып тастайды.
Енді, «Моабит дәптерінің» бізге қалай жеткенін айта кетейік.
Фашисттік түрмелерде тұтқын болып жүрген Мұса Жәлел, жауға қарсыластардың астыртын тобына қатысып, көптеген іс-шараларға жетекшілік етеді. Осы тоgтың құрамындағы қанды көйлек досы, белгілі татар ақыны Абдолла Әліштің өлең дәптері мен өз дәптерін қосып, сол түрмедегі Ғаббас Шарипов дегенге табыс етеді. «Біздің бұл тозақтан шығу-шықпауымыз екі талай, ал сені босатуға тиіс. Сондықтан, сен бұл дәптерлерді аман сақтап, көшіріп жазып алып, елге жөнелте алатын сенімді біреуге тапсыр», - дейді ол Шариповқа. Айтқандай, Ғаббас Шарипов түрмеден босатылып, 1944 жылы Францияға жөнелтіледі. Онда ол әлгі дәптерлерді Нығымет Төреғұлов дегенге береді. Сол Төреғұлов 1946 жылы мұны Татарстан Жазушылар Одағына табыс етеді. Ал екінші дәптері түрмелес Бельгиялық досы Андре Таммермонс арқылы жеткені белгілі. Дегенмен, Мұсаның үшінші дәптері болған деген де лақап бар. Бірақ, әзірге оның тағдыры белгісіз.
Дәптердің бірінде 60, екіншісінде 33 өлең бар. Соның біріншісінің соңғы мұқабасында ақын өзінің өсиет-тілегін жазып қалдырған екен.
«Татарша оқи білетін және дәптерді оқып шыққан досқа. Мұны жазған белгілі татар ақынs Мұса Жәлел. Оның мән-жайы мынадай: 1906 жылы туған. Москвада да, Қазанда да пәтері бар. Өз елінде үлкен ақындардың бірі боп саналады. 1942 жылы майданда айқастарда жүріп, тұтқынға түсіп қалды. Сол тұтқында азап атаулының бәрін басынан кешірді, қысқа күнде 40 өлімнен өтті, содан соң Берлинге әкелінді. Мұнда ол астыртын ұйымдарға, совет насихатын таратуға қатысты деп айыпталып, түрмеге қамалды. Енді оны өлім жазасына кеседі. Өледі ол. Бірақ, тұтқын мен қамауда жүріп жазған 115 өлеңі артында қалып бара жатыр. Оның ойлайтыны да солардың тағдыры. Сондықтан ол 115 өлеңің ең болмаса алпысын көшіріп жазып қалдыруға талпынды. Егер осынау дәптер сенің қолына тие қалса, мұқият, ұқыптап ақ қағазға көшіріп жазып, сақтап қоя көр де, соғыстан соң Қазанға хабарла, татар халқының қаза тапқан ақынының өлеңдері деп жарыққа шығар. Менің өсиетім осы. Мұса Жәлел. 1943. Декабрь.», - деп жазыпты.
Жырымнан от тұтандырдым гүрлетіп,
Айттым, жүрек, әділеттік қосқанды.
Жырымменен жеңдім жауды күйретіп,
Жырымменен аяладым достарды, - деп жазады қапаста жүрген татар ақыны.
Соғыстан кейін ардагер ақынды туған елі қайта тірілтті деуге болады. Оның есімін қаза тапқан мыңдаған адамдардың ішінен іздеп тауып, аршып алу, әр жырын баға жетпестей бағалау және дүние жүзіне мақтанышпен паш ету оңай шаруа емес. Заманның қиын кезінің өзінде-ақ, Кремльден талаб ету арқылы, Кеңес Одағының батыр атағын бергізу, Лениндік сыйлықтың иегері атандыру, татар жұрты үшін оңай болған жоқ. Мұндай талапшылдық пен күрескерлік біздің қазақтар үшін де үлгі тұтарлық іс деуге болады.
Мұсаның «Моабит дәптеріндегі» жазған өлеңдері – биік көркемдік қасиетке, нағыз ақындық шеберлікке, ғаламат күш-қайратқа, жарқын оптимизмге және партиотизмге толы өлеңдер. Сонымен қатар, бұл жырлардың жауынгерлік күшін айта келе, оның ғажайып лирик екенін де көруге болады. Өлеңдерін оқып отырғанда, адам тебіренбей қоймайды.
Бостандық елімменен, халықпенен
Бірге боп, толғап алға бара берем! – деп өзінің ақындық бағытын ұсынады.
Бейсенғазы Ұлықбек
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі