11 нау, 2020 сағат 11:13

Министрлік Жамбыл облысында карантиннен бас тартқан әйелге қатысты жағдайды түсіндірді

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус бойынша карантинге жатудан бас тартқан әйелге қатысты жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталмыш оқиғаның жай-жапсарын Денсаулық сақтау министрлігі өзінің Facebook-парақшасында жазды.

«Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде карантинда болудан бас тартып отырған Жамбыл облысында тұратын әйел туралы ақпарат пайда болды. Бұл туралы мәлімет Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасына биылғы жылдың 8 наурызында келіп түскен. Т. есімді азаматшамен екі сағаттың ішінде байланыс орнатылып, ҚР заңнамасына сәйкес карантин режимін сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 8 наурызда медициналық қызметкерлер әйелді 14 күндік карантинге жапты. Бүгінде оның жағдайы қанағаттанарлық, дене қызуы қалыпты, аурудың клиникалық белгілері байқалмады», - делінген хабарламада.

Атап өтейік, екі аптаға созылатын карантин кезінде карантин орнынан кетуге болмайды. Тұлғаның режимді бұзу жағдайында оның әкімшілік жауапқа тартылуы қарастырылған.