© instagram/kris_p_talgar
Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері Талғар ауруханасында болған жайтқа пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлік кінәлілердің әрекетіне тиісті баға берілуін сұрады.
"Бүгін Талғар ауданының АОА-да қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты жол берілмейтін зорлық-зомбылық әрекеттері жасалған өрескел оқиға болды. Реаниматолог пен мейіргер пациенттің агрессивті туыстарының шабуылынан ауыр жарақат алды.
Осы құқыққа қайшы әрекеттерге құқық қорғау органдарының тарапынан сәйкес баға берілуге, шабуыл жасаған адамдар заңның барлық талаптары бойынша жазалануға тиіс. Дәрігерлерге жасалған мұндай қаскүнемдік шабуылдар мен ауыр пациенттерге медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымның қызметіне араласуға мүлдем жол берілмейді және адамгершілікке жатпайды.
Денсаулық сақтау жүйесінде пациенттер мен дәрігерлердің қауіпсіздігі, науқастарға медициналық көмек көрсету үшін жағдай жасау әрқашан алдыңғы қатарда тұрады. Басым міндет - зардап шеккен дәрігердің және басқа қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, барлық күш-жігерді зардап шеккен медицина қызметкерлерінің өмірі үшін күреске бағыттау, сондай-ақ өзге де пациенттерге көмек көрсету үшін қауіпсіз жағдай жасау.
Денсаулық сақтау министрлігі қызметтік міндеттерін орындау кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері жасалған жағдайда құқықбұзушыны қылмыстық жауапкершілікке тартып, қызметкерлерді құқықтық қорғау, қауіпсіздік және мәртебесін нығайту бастамасын көтереді. Заңнамаға енгізілген өзгерістер Парламент Мәжілісінде қаралады және жақын арада бекітіледі деп үміттенеміз" - делінген хабарламада.