27 нау, 2022 сағат 17:04

Министрлік Петропавлдағы ЖЭО апатының себебін атады


Энергетика министрлігі Петропавлдың жылу электр станциясындағы кезекті апатқа қатысты мәлімдеме жасады.

Ведомство хабарлағандай, 26 наурызда сағат 21:30-да ЖЭО-2-де қолайсыз температура (-13 С) әсерінен, ашық жылу контуры салдарынан импульсті түтікшелер қатқан.

"Түтікшелердің қатуына 20 наурызда мұржаның құлауы және сыртқы температураның төмендеуінен цехтың қысымсыздануы себеп болған. Бұл үш қазандықтың істен шығуына алып келді", - деп хабарлады министрлікте.

Ведомство мәліметі бойынша, қазір түтікшелер жылытылып, жылу электр станциясында 3 қазандық жұмыс істеп тұр, төртінші қазандықты іске қосу басталды және жақын уақытта бесінші қазандық агрегаты жұмысқа қосылмақ.

"Қазіргі уақытта желідегі температура 45 градус, күн соңына дейін температура режимін қалпына келтіру жоспарланып отыр", - деді энергетика министрлігінде.

Қала тұрғындары үйдегі батареялар суып, жылы су сылдырап аққанына шағымданған. Жексенбінің таңында жергілікті әкімдік қазір екі қазандық пен екі турбина жұмыс істеп тұрғанын және желілік су температурасы 43С/37С деңгейінде екенін мәлімдеді. "Севказэнерго" АҚ жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Еске салсақ, 20 наурызда Петропавлда екінші жылу электр орталығының мұржасы опырылып құлады. Соның салдарынан бірнеше қазандықтың жұмысын тоқтатуға тура келді. Үйінді астынан машинист әйелдің мәйіті табылды.

Төтенше жағдайдан кейін ЖЭО-2 директоры мен бас инженері қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттеріне адал қарамау") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.

Облыс орталығындағы ЖЭО-2 алпысыншы жылдан бері жұмыс істеп тұр. 2021 жылдың қараша және желтоқсанында кәсіпорында екі рет апат болды. Сол кезде екі қазандық істен шығып, бірнеше аудан жарықсыз қалған.

26 наурызда сағат 21:30-да Петропавлдағы ЖЭО-2 нысанында тағы апат болды. Желілік су температурасы Цельсий бойынша 43-37 градусқа дейін төмендеді.