ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев педагогтерге жазғы еңбек демалысы мен емделу өтемақысы қашан толық төленетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл мәселенің туындауы ақшаның жоқтығына байланысты емес және жүйелі проблема да емес. Негізінен жергілікті қаржыны бөлгенде әкімдіктер жіті мән бермегендіктен осындай мәселе туындап отыр. Яғни, уақытша мәселе деп айтуға болады. Ақша бар, мәселе министрліктің жіті қадағалауында. Ең бастысы мұғалімдер тиесілі жалақысын алғаны керек», - деді министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, министрлік еңбекақы қарызы бар өңірлердің әкімдіктерімен бірге жазғы еңбек демалысы мен емделу өтемақысының қарызын толық өтеуге арналған кесте құрған.
«Сол кесте бойынша, жуық арада, яғни келесі аптаның басына дейін бәрі тиесілі ақшасын алып бітеді деп отырмыз. Облыстардың бізге берген уәдесі сондай. Мен соған сүйеніп айтып отырмын. Тиесілі төлемдердің бәрін жуық арада төлеп бітеміз деген уәделері бар. Көріп отырмыз, әзірге ол уәделерін орындап жатыр.
Педагогтердің айлығы мен еңбекақысын, жаздық демалысқа байланысты ақыларын төлеу жергілікті атқарушы органның еншісіндегі дүние. Біз оған қарамастан бүкіл аймақтардағы педагогтердің айлықтарының уақтылы төленуін бақылауда ұстап отырмыз», - деді Ғани Бейсембаев.
Еске салсақ, кеше Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің атына депутаттық сауал жолдап, мұғалімдердің айлығын кешіктермей төлеуді сұрадған еді. Оның айтуынша, жазғы еңбек дамлысына шыққан мұғалімдердің 30 млрд теңге көлемінде еңбекақысы төленбеген.