12 қаз, 2021 сағат 19:08

Министрлік дизель бағасына қатысты түсініктеме берді


Энергетика министрлігі елдегі дизель бағасына қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша дизельдің литрі 188 теңгені құрады. Өткен жылы осыған ұқсас баға болды, ал 2019 жылы дизельдің орташа бағасы 193 теңге (1 литр) тұрды. Дегенмен 2019-2020 жылдары қыстыгүні бұл отынның литрі 255-270 теңгеге дейін көтерілді. Соңғы уақытта бағаның өсуі байқалуда, бүгінде елімізде дизельдің орташа бағасы 214-330 теңге аралығын құрап отыр. Маусымдық жағдай тұрақталса баға да орнына келеді деп болжануда», - деді ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ, вице-министр дизель бағасының күрт өсуіне қатысты пікір білдірді. 

«Бағаның күрт өсуіне екі фактор себеп болуы мүмкін. Біріншіден, Ресейден дизель отынын жеткізу қымбатқа түсіп отыр. Қыркүйекте Ресеймен шекарадағы жазғы дизельдің литрі 230 теңгеге дейін көтерілсе, қысқы дизельдің литрі 260 теңгеге дейін жетіп үлгірді. Екіншіден, әкелінген дизельді еліміз бойынша жанармай құю станцияларына жеткізу мен басқа да операциялық шығындарды ескерсек бағаның өсуі түсінікті. Осы орайда отандық өнеркәсіптердің өндіріс көлемін арттырсақ, жағдай тұрақталады дегеп ойдамыз», - дейді ол.