ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният бұрынғы министр Елжан Біртановтың қамауға алынуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"
«Бұл ақпарат министрлік қызметшілері үшін ауыр тиді. Құзырлы органдар бұл іспен айналысып жатқанын білесіздер. Менің ойымша, олар тергеу амалдары барысында істің мән-жайын анықтайтын болады», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде қойылған сауалға жауап бере отырып.
Сонымен қатар тілші тергеу іс-қимылдары Денсаулық сақтау министрлігі мен оның құрылымдары жұмысына қаншалықты әсер еткенін сұрады.
«Жалпы, Денсаулық сақтау министрлігі қызметшілеріне қосымша жүктеме түскені байқалып отыр. Бұл тұрғыда тергеу органдары құжаттарды қарап, тиісті сұрақтарды қою үшін қызметшілерді шақыртып жатыр», - деді Ажар Ғиният.
Бұған дейін әлеуметтік желіде бұрынғы денсаулық сақтау министрінің ұсталғаны туралы хабарлама тараған болатын. Сол кезде қаржы мониторингі комитеті тергеуге қатысты ақпарат 201-бапқа сәйкес жарияланбайтынын және тиісті мәліметті кейін беретінін хабарлаған.
Ал желідегі ақпарат бойынша экс-министр 526 миллион теңге бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді. Ақша денсаулық сақтау жүйесінің байланысын қамтамасыз ету және ақпарат платформаларын сатып алуға бөлінген. Қылмыстық кодекстің 189-бабына сәйкес ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу") тергеу жүргізіліп жатқаны айтылған.
3 қараша күні қаржылық мониторинг жөніндегі комитет тергеу уақытында Елжан Біртанов қамауға алынатынын мәлімдеді. Экс-министр бюджет қаражатын аса ірі көлемде ысырап ету фактісі бойынша айыпталып отыр.