03 қар, 2021 сағат 11:40

Министрлік АҚШ аумағына кірудің жаңа ережелерін түсіндірді


ҚР Сыртқы істер министрлігі шетел азаматтарының АҚШ аумағына кіруінің жаңа ережелерін түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық арналар арқылы келіп түскен ақпаратқа сәйкес, 2021 жылғы 8 қарашадан бастап, АҚШ-тың Азық-түлік пен дәрі-дәрмектердің сапасы бойынша санитарлық қадағалау басқармасы немесе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған препараттармен COVID-19-ға қарсы вакцинацияны растайтын сертификаты (паспорты) бар адамдарға ғана АҚШ аумағына кіруге рұқсат етіледі.

Бекітілген тізімге Pfizer-BioNTech, Moderna, Johnson&Johnson, AstraZeneca, Covishield, BIBP/Sinopharm, Sinovac сияқты вакциналар кіреді», - деді ведомстводан.

Осыған байланысты, аталған сертификаттар вакцинацияға жауапты мемлекеттік орган бекіткен нұсқа бойынша ресімделуі тиіс. Бұл құжаттардың түпнұсқалығын авиакомпания қызметкерлері АҚШ-қа ұшқанға дейін тіркеу кезінде тексереді.

Сонымен қатар, бұл талаптар 18 жасқа дейінгі балаларға, вакцинацияға қарсы көрсетілімдері бар адамдарға, сондай-ақ дипломатиялық, қызметтік және транзиттік санаттағы визалары бар мемлекеттік қызметшілерге немесе олардың отбасы мүшелеріне және халықаралық ұйымдардың қызметкерлеріне қолданылмайды.