Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингіде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қантты қаншалықты жиі қолданатынын айтты , деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы «қант жоқ» деп айта беруге болмайды. «Халва, халва» дегеннен аузыңа тәтті дәм келмейді» деген сөз бар ғой. Сол сияқты «жоқ-жоқ» деген сайын халық сеніп, дүрбелең туады. Өз басым жуықта ғана ірі сауда желісіне барып, бір келі қантты 470 теңгеге сатып алдым. Ол кезде сондай баға болған. Қазіргі ақпарат бойынша баға 480 теңге болыпты. Оны көріп-біліп отырмын. Мен өзім шай ішкенде қант қолданбаймын, балмен ішем», - деді Сұлтанов.
Ал Ербол Қарашөкеевке одан сәл қымбат қант бұйырған көрінеді.
«Соңғы рет қанттың келісін үлкен бір сауда жүйесінен 620 теңгенің көлемінде сатып алдық. Ал 1000 теңгеден үйлердің астындағы шағын дүкендерде сатылып жатыр. Олар көтерме бағамен сатып ала алмайды. Сондықтан екінші, үшінші қолдан алып, осындай бағамен жатыр. Сонда соңғы рет қантты 620 теңгеден сатып алдым. Шайды қантсыз ішемін», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Бұған дейін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қант тапшылығын реттей алмаған Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаған еді.