Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Оралдан Атырауға дейін көлікпен жүріп өтіп, жолдағы құрылыс жұмыстарының жай-күйімен егжей-тегжейлі танысуды жоспарлап отыр. Ведомство басшысы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Негізгі мақсатым – өңірдегі республикалық маңызы бар жолдардағы жөндеу жұмыстарын қадағалау. Алдағы екі күнде Оралдан Атырауға дейін көлікпен жүріп өтіп, жолдағы құрылыс жұмыстарының жай-күйімен егжей-тегжейлі танысуды жоспарлап отырмын. Негізінде, жұмыс орнында отырып, мәселені сырттай бақылап, тапсырма беру - бір басқа. «Жүз рет естігенше, бір рет көр» демекші, жұмыстар жүргізіліп жатқан жерге келіп, өз көзіңмен көру - бөлек», – деп жазды Қайырбек Өскенбаев.
Министр Орал – Казталовка ауылы, Казталовка – Жәнібек – РФ шекарасы, Өнеге – Бисен – Сайқын, Хан Ордасы ауылы – Құрманғазы ауылы (Ганюшкино), Атырау – Астрахань бағыты бойынша жүріп өтпек.
Ведомство басшысы қазір Батыс Қазақстан облысындағы «Казталовка – Жәнібек – РФ шекарасы» және «Өнеге – Бисен – Сайқын» автожолдарында, яғни жалпы ұзындығы 248 шақырым болатын нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқандығына тоқталады. Мұның 55 шақырымы пайдалануға берілгенін атап өткен.
Бұған дейін хабарланғанындай, БҚО-да жол жөндеу жұмыстарына 15 млрд теңге бөлінген.