03 мам, 2023 сағат 13:22

Министр жеңілдетілген автонесие бағдарламасындағы өзгерістер туралы айтты

Фото: © ЭрСи Автотрейд

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жеңілдетілген автокөлік несиесінің жаңа шарттарын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Мәжіліс кулуарында министр жеңілдетілген автонесие бағдарламасының шарттарын өзгерту туралы сұраққа жауап берді. 2 мамырда бағдарлама қайта қаралатыны белгілі болған. Журналистер министр Қарабаевтан қазақстандықтар бағдарламаның жаңа шарттарына байланысты алданып қаламай ма деп сұрады.

"Еш жағдайда алдауға қатысы жоқ. Біріншіден, бұл - бағдарламаны одан әрі жетілдіру қажеттілігінен туындап отыр. Өздеріңіз жақсы білесіздер, жалпы, қазір Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі – 16 пайыз, бұл жағдайда 4 пайыздық автонесие - жақсы пайыздық мөлшерлеме. Сондықтан, бұл пайыздық бағдарлама айтарлықтай табысты және бағдарламаны жетілдіруге бет бұрып жатырмыз. Талаптардың бірі, басқаларымен қатар, дәл осындай бастапқы жарна болды", - деді Қарабаев журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.

Министр бағдарламаға қатысудың жаңа талаптары 15 мамырға дейін жарияланатынын айтты.

"Әркімнің қатысуға құқығы бар, бағдарламаны одан әрі жетілдіру қажеттілігі бар. Біз белгілі бір мөлшерден жоғары жалақы алатындар бағдарламаға қатыса алмайтындай ең жоғары жалақы шегін белгілейміз. Қарап жатырмыз, зерттеп жатырмыз, 15 мамырға дейін жариялаймыз. Барлық өзгеріс бағдарламаны келесі іске қосқанда күшіне енеді", - деп түсіндірді ол.

Марат Қарабаев бағдарламаның операторы Өнеркәсіпті дамыту қоры екенін еске салды.

"Біз ұсынған тетіктер әділетті деп есептейміз. Сондықтан, бұл механизмді ілгерілетіп жатырмыз, практикалық ұсыныстар болса, талқылауға дайынбыз", - деп түйіндеді сөзін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Еске салайық, жеңілдетілген автонесие бағдарламасына бірден төрт тармақ бойынша өзгерістер енгізу жоспарланған. Алғашқы тармақтардың бірі – автокөлік үшін бастапқы жарнаны енгізу.