04 сәу, 2022 сағат 12:18

Министр ветеринария саласындағы кемшіліктерді жою қадамдарын айтты


Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ветеринария саласындағы кемшіліктерді жою қадамдарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауылдық округтердің ветеринария мамандарында мал иелеріне әкімшілік әсер ету бойынша өкілеттіктердің болмауы оларды ветеринариялық нормаларды бұзғаны және ошақта ветеринариялық іс-шараларды орындамағаны үшін жауапкершілікке тартудың мүмкін еместігіне әкелді. Осы мақсатта олар аудан орталығындағы ветеринариялық инспекторларға жүгінуге мәжбүр, бұл ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық заңнама талаптарын орындау процесін кешіктіреді», - деді Қарашөкеев. 

Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдарда ветеринария мамандарының оларға тән емес функцияларды жүзеге асыруы (қаңғыбас иттерді аулау және ауыл шаруашылығы жануарларын қолдан ұрықтандыру) жоспарлы іс-шараларды уақтылы жүргізу мен тиімділігінің төмендеуіне алып келді. 

«Мал шаруашылығы өнімдеріне ветеринариялық-санитариялық сараптаманы лицензиялау кезінде мүдделер қақтығысының болуы және пәрменді бақылаудың болмауы сапасыз өнімдерді сатуға жол беруге, сондай-ақ ветеринариялық анықтамаларды бұрмалау фактілеріне әкелді», - деді министр. 

Көрсетілген проблемаларды жою үшін жергілікті атқарушы органдардан Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне келесі функцияларды беру ұсынылады: 

- эпизоотиялық ошақтарды зерттеп-қарауды жүргізу; 

- эпизоотологиялық зерттеп-қарау актісін беру; 

- аумақты аймақтарға бөлу туралы шешім шығару; 

- карантинді және шектеу іс-шараларын белгілеу немесе алып тастау туралы шешім қабылдау; 

- жануарлардан алынатын өнім мен шикізатқа ветеринариялық-санитариялық сараптаманы лицензиялау; 

- жеке және заңды тұлғалардан ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламалар қабылдау. 

Жергілікті атқарушы органдардың ветеринария мамандарының тән емес мына функцияларын алып тастау ескерілген: 

- ауыл шаруашылығы жануарларын қолдан ұрықтандыру бойынша қызметтер көрсету; 

- қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жансыздандыру. 

«Жоғарыда аталған функцияларды беру аумақтың эпизоотиялық салауаттылығын қамтамасыз етуге және ветеринариялық іс-шараларды жүргізудің жеделдігіне, сондай-ақ функциялардың аражігін нақты ажыратуға оң әсер етеді. Жергілікті атқарушы органдардың ветеринария ұйымдарының ветеринариялық дәрігерлеріне нұсқамалар беру және әкімшілік шаралар қолдану бойынша қосымша өкілеттіктер беру жануарлар иелеріне ықпал ету тетіктерінің болуына мүмкіндік береді.