21 қаз, 2021 сағат 17:50

Министр «Ұлттық рухани жаңғыру» турасында: Әр жоба сараптамадан өтті


ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын қаржыландыру жұмыстарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көбісін жобаны қаржыландыру мәселесі қызықтырып отыр. Осы орайда ұлттық жобаның шоғырландырылған бюджеті 119 млрд теңгені құрады. Жоба 2025 жылға дейін жүзеге асырылады», - деді А. Балаева Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның сөзіне қарағанда, бұл соманың негізгі бөлігі республикалық бюджеттен бөлінеді, яғни 110 млрд теңге ескерілген. Ал 9 млрд теңге жергілікті бюджеттен қарастырылған. Бағытталатын әр теңгені мамандар есептеп, әр жоба тыңғылықты қаржылық сараптамадан өткен. Осы жобаларды жүзеге асыру барысы үнемі тұрақты бақылауда болады. Сонымен қатар жобаны жүзеге асыру кезінде инвестициялар да тартылмақ. 

«Бұл Ұлттық жоба аясында атқарылатын көп жұмыстың негізгі бағыттары ғана. Жоғарыда айтқанымдай, оны іске асыру үшін үш бірдей министрліктің күші жұмылдырылып, нақты нәтижелерге қол жеткізетін боламыз. Ал енді тұтастай алғанда, Жоба қоғамдық сананы жаңғырту мен стратегиялық міндеттерді шешудегі уақыт сынағына лайықты жауап беретін құжат болатынына біз сенімдіміз», - деді ведомство басшысы.