Халық алдында есеп берген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов халықаралық қаржы институттарының ақшасына жөнделіп жатқан жолдардың жағдайына тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде Қарағандыдан Қапшағайға (946 км) дейінгі учаскелерде ауқымды құрылыс жүріп жатыр. Еліміздің шығысында «Талдықорған-Өскемен» (768 км) және «Қалбатау-Майқапшағай» (415 км) жолдары қайта жаңғыртудан өтуде. Алакөлдің туристік кластерін дамыту үшін біз «Үшарал-Достық» (184 км) автожолын қайта жаңартып жатырмыз», - деген ведомство басшысы «Меркі-Бурылбайтал» (262 км) тасжолын қайта жаңарту арқылы Балқаш көлінің курорттық аймағын сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көзделгенін еске салды.
«Оңтүстіктегі «Ұзынағаш-Отар» (96 км) автожолы қайта жаңғыртылып, Шамалған станциясының теміржол өткеліне жол айрығы салынуда. Батыстағы «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» (740 км) жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Осы мақсаттарға халықаралық қаржы институттарының қарыздары тартылған. Олардың қатарында Дүниежүзілік, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия Даму Банкі және «Эксимбанк» несиелері бар», - деді Бейбіт Атамқұлов.
Министрдің айтуынша, аталған жобалардан қиындықтар тауындап жатқан көрінеді. Атап айтқанда, Еуропа қайта құру және даму банкі қаржыландыратын «Балқаш-Бурылбайтал» (288 км) және «Ұзынағаш-Отар» (96 км) жобаларында жұмыстарды сапасыз орындаған мердігерлік ұйымдармен 4 келісімшарт тоқтатылған.
«Қалған 2 учаске бойынша банк ережелері бойынша мердігер ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер өткізіледі. Жалпы, Мемлекет басшысы тапсырғандай, Қарағанды-Балқаш-Алматы дәлізі 2023 жылы толығымен аяқталады», - деп сендірді министр.
Бейбіт Атамқұлов «Эксимбанктің» қаржыландыратын «Мерке-Бурылбайтал» және «Қалбатау-Майқапшағай» жобалары бойынша «СиньСинь» және «ҚазГерСтрой» компаниялары қиындыққа тап болғанын атады.
«Аталған жобаларды іске асыруға теңгенің құнсыздануы мен құбылмалылығы әсер етті. Битум, цемент, металл, дизель бағасының тұрақты өсуі де әсер етуде», - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.