Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов
Үкіметте бұрынғы Семей ядролық полигонының шартты түрде таза жерінің бір бөлігін қолданысқа беру ұсынылды. Энергетика министрі Болат Ақшолақов ластанған жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмей жатқанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Полигон жабылғалы бері бірқатар проблемалық мәселе анықталды. Бұрынғы Семей полигонының жерлері үш облыс әкімдіктері қарамағындағы босалқы жерлерге жатады, бұл бөгде адамдардың іс-әрекеттері мен осы аумақтарда болып жатқан оқиғаларды бақылауды қиындатады.
Полигонның артық ластанған жерлерін қалпына келтіру және рекультивациялау жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Сондай-ақ, радиоактив ластану деңгейін тұрақты бақылаудың болмауына байланысты радиоактив ластанудың миграциясы туралы өзекті деректер жоқ. Ластанған және таза аумақтардың бөлінбеуінен бүгінде қолдануға жарамды жерлердің едәуір бөлігі бос тұр", - деді министр Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде.
Оның айтуынша, бұл мәселелер шешімі депутаттар бірінші оқылымда қараған "Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы" заң жобасында нақты көрсетілген.