06 мау, 2022 сағат 17:42

Министр майнерлер туралы: Тапшы болса, оларды өшіре аламыз

Фото: ©РИА Новости

Қазақстанда майнерлер елде тапшылық туындаған жағдайда электр қуатынан ажыратылуы мүмкін. Бұл туралы энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Кімдер майнер деп танылатыны туралы ереже әлдеқашан қабылданған. Бірақ елде электр энергиясы тапшы болса, оларды өшіруге құқығымыз бар. Яғни, олардың жұмыс істеуге деген сөзсіз құқығы жоқ", - деп түсіндірді ведомство басшысы Мәжілістің үкімет сағатынан кейін кулуарда.

Министрдің айтуынша, ведомство QazaqGaz ұлттық компаниясымен бірлесіп тұтынушылардың жаңа санаттарын: ірі коммерциялық тұтынушыларды және цифрлық өндірумен айналысатын тұлғаларды заңнамалық тұрғыдан енгізу мәселесін пысықтап жатыр.

1 қаңтардан бастап Қазақстанда цифрлық майнинг алымы енгізілді. Ол тұтынылған электр энергиясының нақты мөлшері үшін алынады. 2022 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша төлем ретінде бюджетке 652 миллион теңге түскен.