Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Маңғыстау облысындағы қоқиқаздардың қырылуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Шынымен де, кеше әлеуметтік желілерде өліп жатқан бес қоқиқазды кішкентай бала түсірген видео тарады. Облыстық аумақтық инспекция бұл балаға хабарласты. Негізі, түсірілім 10 күн бұрын болған. Құстардың неден қырылғанын анықтау үшін осы түсірілім жүргізілген жерге барып анықтап, сынама жүргізу қажет. Сынақ нәтижелері бойынша бұл құстардың өлу себебі анықталады", - деді Брекешев.
Министрге қоқиқаздардың өзі өлді ме, әлде біреу өлтірді ме деген сұрақ қойылды.
"Енді ондай ақпаратты әзірше білмеймін, маған айтылған жоқ. Бұл оқиға қала ішінде емес, ауданда болған. Біздің инспекторлар кеше кешке бұл жерге баруы керек еді. Нақты ақпарат болғанда бұл мәселе бойынша ресми баспасөз мәлімдемесін береміз", - деді министр.