ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қазақстандық делегацияның таяудағы Ауғанстанға сапарына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Делегация Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі арнаулы миссиямен барды. Халықаралық қоғамдастықта Ауғанстанды экономикалық коллапска, гуманитарлық дағдарысқа түсіруге болмайды делінген ортақ түсінік бар. Өйткені, мұның нақты тәуекелдері мен сын-қатерлері бар. Ең алдымен бұл есірткі тасымалының, дін экстремизмнің артуына, сонымен қатар босқындардың көбеюіне алып келеді. Біріншіден – гуманитарлық көмек көрсету, екіншіден – жаңа экономикалық байланыстар орнату. Ауғанстан экономикасының күйреуіне жол бермеу үшін мүмкіндік ұсыну қажет», - деді Мұхтар Тілеуберді Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Министр «Талибан» қозғалысын (Қазақстанда тыйым салынған) халықаралық қоғамдастық мойындағамандығын атап өтті. Ал оны халықаралық қоғамдастық мойындауы үшін БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің қарары қажет.
«Барлығы да экономикалық дағдарыстың орын алуы мүмкін екендігін түсінеді. Себебі ауған Үкіметінің халықаралық есепшоты бұғатталған. Егер экономикалық коллапс болса, онда бұл терең гуманитарлық бағдарысқа алып келеді. Ал оның белгілі бір тәуекелдері, сын-қатерлері бар. Ең алдымен діни экстремизмдің бас көтеруімен, есірткі тасымалының және босқындар легінің артуымен байланысты. Оған жол бермеу үшін бүкіл халықаралық қоғамдастық ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетуге үндеп жатыр», - деді ол.
Осы ретте ол Қазақстан ауған халқына гуманитарлық көмек ретінде 5 мың тонна ұн жіберу шешімін қабылдағандығын еске салып өтті.
«Бұл елмен сауда-экономикалық байланыстарды да қалыпына келтіру қажет екендігі сөзсіз. Қазіргі уақытта бұл елмен саяси келіссөздер өткізу туралы сөз қозғалып отырған жоқ. Сөз ауған халқына көмек көрсету жайында ғана болып тұр», - деді Мұхтар Тілеуберді.