18 там, 2021 сағат 12:10

Министр Қазақстандағы егістіктердің жай-күйіне қатысты пікір білдірді


Құрғақшылыққа байланысты дәнді дақылдар егістерінің жай-күйі айтарлықтай нашарлады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 23 млн гектарды құрады (бұл 2020 жылмен салыстырғанда 322 мың гектарға көп). Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 15,9 млн га (оның ішінде бидай – 12,9 млн. га), майлы дақылдар - 3,1 млн га, көкөністер мен бақша дақылдары және картоп - 473,8 мың га, мақта - 109,7 мың га, қант қызылшасы - 21,7 мың га, мал азығы дақылдары 3,2 млн га алаңда орналасқан», - деді Қарашөкеев. 

Оның айтуынша, егіс науқаны сапалы тұқымдарды қолдана отырып, оңтайлы мерзімде жүргізілген. Фермерлер тыңайтқыштарды уақытында қолданды, егістіктерде арамшөптер мен ауруларға қарсы химиялық өңдеуді дер кезінде жүргізді.

«Сонымен қатар, биылғы жылы топырақтағы және атмосферадағы қалыптан тыс құрғақшылыққа байланысты дәнді дақылдар егістерінің жай-күйі айтарлықтай нашарлады және бұл Қазақстанда ғана болып жатқан жағдай емес. Егістіктердің күйінің нашарлау тенденциясы бүкіл әлемнің астық егетін көптеген елдеріне әсер етті. Мысалы, Америка Құрама Штаттары Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Халықаралық астық кеңесінің мәліметі бойынша Канадада бидайдың жалпы түсімі өткен жылмен салыстырғанда 31,6%-ға, АҚШ-та 4,4%-ға, көршілес Ресейде 15%-ға төмендеуі мүмкін», - деді министрдің міндетін атқарушы. 

Облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша бүгінгі таңда дәнді дақылдар егістіктерінің жай-күйі былай бағалануда:

- 13,2 млн гектарда немесе дәнді дақылдардың жалпы егіс көлемінің 85,2%-ында жақсы және қанағаттанарлық күйде;

- 2,1 млн гектарда немесе 13,7%-ында нашар күйде;

- 178,3 мың гектарда немесе 1,1%-ында егістер жойылған.