22 қар, 2022 сағат 14:13

Министр Қазақстанда қияр мен қызанақтың қымбаттауын түсіндірді


Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстанда көкөніс бағасына қатысты сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

"Көкөністің жағдайы тұрақты. Дүкенге барып бағаларын көріңіздер, картоп 130-140 теңге тұрады. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Биыл көкөністі 4,2 ​​миллион тоннадан 4,9 миллион тоннаға дейін өсірдік. Біз картопқа, сәбізге, қырыққабатқа деген сұранысымызды толығымен өтедік", - деді Қарашөкеев.

Сондай-ақ, ол қияр мен қызанақтың қымбаттауына қатысты пікір білдірді.

"Қияр мен қызанақтың бағасына келетін болсақ, бұл жыл сайын болатын үрдіс, бірінші жыл емес. Қазан-қарашада екеуінің де маусымы аяқталатындықтан, жылыжайларда өсіріле бастайды. Ол жаздағыға қарағанда қымбатырақ болады", - деп қосты министр.

Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі басшысының айтуынша, ведомствоның басты жоспары елдегі жылыжай көлемін ұлғайту.

"Бұл жердегі ең басты мақсат - өндіріс көлемін ұлғайту. Ол үшін барлық қажетті шаралар қарастырылып жатыр", - деп түсіндірді министр.

Қарашөкеевке Қазақстанда қыс мезгіліне көкөніс жеткілікті ме деген сұрақ қойылды.

"Әрине, бізде шамамен 4 миллион тонна картоп бар, оның 2 миллион тоннасын ұйымдасқан шаруа қожалықтары, жартысын жеке шаруа қожалықтары қамтамасыз етті. Ауылдардың жартысы өзін-өзі қамтамасыз етіп жатыр", - деп түйіндеді ол.