28 ақп, 2017 сағат 11:35

Министр Қасымбек Airbus ұшақтарын Сирияға сату оқиғасын түсіндірді

ҚР Инвестиялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Airbus ұшақтарын Сирияға сату оқиғасына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Бұл екі борт мемлекеттік тізімнен шығарылған. Бұл ақпарат ирандық билікке жолданды. Біздің мәліметтер бойынша, қазір бұл екі ұшақ Тегеранда тұр. Бұл ұшақтардың үшінші бір елде болуы ықтимал деген ақпарат еш жерде жоқ. Біз өзіміздің Сыртқы істер министрлігін, құзырлы органдарды, АҚШ-тың дипломатиялық ведомствосына хабар бердік. Жеке кездестік, америкалық елшіліктегі біздің әріптестер берілген толымды жауаптарға толықтай қанағат етті. Бір ұшақ күзде тіркелген. Ол реестрден шығарылғаннан соң, үшінші бір мемлекетке емес, Арменияға жол тартқан», - деп атап өтті министр Үкімет отырысынан соң, тілшілерге берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, бұл ұшақтар жолаушылар тасымалына арналған. Қызметтік тексеріс жүргізілді, материалдар көлік прокуратурасына жіберілді, деп атап өтті министр.

«Бірқатар сұрақтар бар. Көлік прокуратурасы менің білуімше, жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросы бұл іспен айналысып жатыр. Жолданған материалдар бірқатар қателіктер орын алғанын көрсетті. Біз нақты адамдардың жауапкершілік өлшемі, заңнаманы бұзу өлшемі туралы қосымша заңнамалық қорытынды жасауды сұрадық», - деді Қасымбек.

Айта кетейік, бұның алдында хабарлағанымыздай, Қазақстанда Airbus ұшақтарын тіркеу кезінде орын алған заң бұзушылықтар бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр.

Бірқатар БАҚ өкілдері ҚР мемлекеттік тізімінде тұрған Airbus ұшақтарын Сирияға сату оқиғалары орын алды деп те хабарлаған болатын.