20 жел, 2022 сағат 15:03

Министр Каспийдегі итбалықтардың қырылу себебі қашан анықталатынын айтты

Фото: atr.kz

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Каспий теңізінде итбалықтардың жаппай қырылуының нақты себебі 15 қаңтарға дейін анықталатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz порталы.

"Итбалықтар бойынша нақты ақпарат 15 қаңтарға дейін шығады. Мүмкін, нұсқалардың бірі ретінде, газдың шығуы қарастырылатын шығар. Күтеміз", - деді Брекешев.

Журналистер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірдегі экологиялық проблеманы шешуге берген талабын орындау үшін министр Каспийге қашан барғанын сұрады.

"Мен өзім Каспийге барып зерттеумен айналысқан жоқпын. Бірақ біз қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Каспий теңізі мәселелері бойынша зерттеу институтын құрып жатырмыз", - деп мойындады Брекешев.

Сондай-ақ журналистер министрдің неліктен Маңғыстау облысына жеке өзі, тіпті халықпен жоспарлы кездесуге де бармайтынын сұрады.

"Өкінішке орай, жұмыс кестем мүмкіндік бермейді", - деп жауап берді Брекешев.