04 мам, 2022 сағат 13:47

Министр Каспий теңізіндегі итбалықтардың қырылуына қатысты пікір білдірді

Суретті Маңғыстау облысының Экология департаменті баспасөз қызметі ұсынды

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Каспий теңізіндегі итбалықтардың қырылуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Каспий жағалауында 100-ге жуық итбалық өлексесі табылды, деді министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

Оның айтуынша, өлексе қатты ыдырап кеткендіктен, өлім себебін бір айға жуық уақыттан кейін анықтауға болады. Мамандар тырнақтар мен тістердің үлгісін алған.

"Көпшілік итбалықтардың өлімі мен NCOC компаниясының Солтүстік Каспийдегі теңіз түбін тереңдету жұмыстары қаншалықты байланысты деген мәселені көтерді. Итбалықтардың өліміне байланысты мамандар оқиға 3-4 ай бұрын болуы мүмкін дейді. Бұл қыс мезгілі, әлі мұз ерімеген кез. Сондықтан өлексе сақталған. Олар мұзда болды. Мұз ерігеннен кейін, майдың әсерінен қалқып, жел жағаға шығарған.

Өлекселер Қашағаннан 150 шақырым қашықтан табылған. Іс-шара жоспары бойынша қазба жұмыстары 15 сәуірде ғана басталды. Бұл оқиғалар бір-біріне қатысты емес", - деп сендірді министр.

Оның айтуынша, бұл жұмысты бастамас бұрын компания ғалымдармен бірнеше іс-шара өткізген. Жұмыс Солтүстік Каспий флорасына да, фаунасына да әсер етпейтіні туралы ғылыми негіздемелер болған.

Еске салайық, 27 сәуірде Каспий теңізінің Маңғыстау бөлігіндегі жағалауында 94 итбалық өлі табылған болатын.