13 шіл, 2021 сағат 14:22

Министр картоп пен сәбіз қашан арзандайтынын айтты


Сауда және интеграциялар министрі Бақыт Сұлтанов картоп пен сәбіз бағасына қатысты болжамын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Сәбіз мәселесіне келсек, көршілес Өзбекстанда да осындай проблема болды. Шын мәнінде, бізде қалыптасқан бағаның бір бөлігі біздің импорттауымыздан пайда болды, өйткені көрші Өзбекстан да, көрші Ресей Федерациясы да сұраныс тудырды. Қазіргі уақытта картоптың бағасы өзгергенін және арзандап жатқанын көріп отырмыз. Күзде де айтарлықтай бәрнеше есеге төмендейді деп күтеміз», - деді Сауда министрі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, сәбіз бойынша да осындай жағдай байқалады.

«Бірақ биыл сәбіз бойынша өнім жетіспеушілігі барлық жерде байқалады, оған егіс алқаптарының қысқаруы себеп болды», - деп толықтырды Бақыт Сұлтанов.

Айта кетейік, Қазақстанда маусымаралық кезеңде картоп пен сәбіз бағасы шарықтап кетті. Картоптың "отаны" саналатын Солтүстік Қазақстанда бұл өнімнің бір келісі 500 теңгеге жеткен болатын. СҚО әкімі Құмар Ақсақалов шаруалар өз шығындарын ақтау үшін біраз өнімін сыртқа сатып жібергендіктен, картоп қымбатшылығы туындағанын түсіндірген еді.

Кейбір өңірлерде сәбіздің бір келісі 700-800 теңгеге де жеткен.