18 нау, 2022 сағат 10:27

Министр Есеп комитетін Жоғары аудиторлық палата етіп қайта құруға қатысты түсінік берді


Бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Есеп комитетін Жоғары аудиторлық палата етіп қайта құруға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Есеп комитеті тәуелсіз жоғары мемлекеттік аудит органы ретінде бюджет қаражатының сыртқы аудитін қамтамасыз етеді. Бұл ретте, оның функциялары біртіндеп күшейе түсуде. Мәселен, соңғы жылдары Есеп комитеті республикалық бюджет жобасын алдын ала бағалауды жүзеге асырады. Бұл дер кезінде шараларды қабылдау арқылы бюджеттің тиімсіз шығындарын одан әрі төмендетуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылады. Бұл ретте Парламент тарапынан бақылау күшейтіледі. Мұндай тәжірибе жекелеген дамыған мемлекеттерде бар», - деді Жамаубаев. 

Оның айтуынша, осының барлығы Конституцияны қоса алғанда, бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді талап етеді. 

«Барлық тиісті түзетулер мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталатын болады», - деді министр.