
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда көлдер неліктен жекенің қолына берілетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл не үшін жасалады? Себебі жеке тұлға келген туристердің жақсы әрі жайлы демалуы үшін барлық жағдай жасауы керек. Сонымен бірге, санитарлық гигиена бойынша базалық талаптар орындалуы тиіс», - деді Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ-да тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.
Министр әрбір жағдайда жалға алушылар белгілі бір міндеттемені алатынын жеткізді.
«Туризмді дамыту, сонымен бірге табиғатқа зиян келтірмеу үшін жағдай жасалуы керек. Атап айтқанда Көбейтұз, Қоржынкөл, басқа да көлдерді бақылау – жергілікті атқарушы органдардың құзыреті. Әлбетте әкімдіктер тиісті жағдайды жасау бойынша дұрыс идеяны ұстанғысы келеді. Алайда жеке бизнес мемлекетке қарағанда көбірек жайлы жағдай жасайды. Оны түсіну керек. Алайда бизнестің түпкі міндеті – табиғатқа зиян келтірмеу болуы тиіс», - деді Мағзұм Мырзағалиев.
