25 там, 2022 сағат 16:57

Министр дизель отынына қатысты дүрбелең тудырмауға шақырды


Энергетика министрі Болат Ақшолақов қазақстандықтарды дизель отынына қатысты жағдайға байланысты дүрбелең тудырмауға шақырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

"Жалпы, бүгінде елімізде жанар-жағармай қоры мен өндірісі жеткілікті. Транзиттік көліктердің көп болуы маусымдық құбылыс екенін ескерсек, бұл қашанда осылай болған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін ауқымды жұмыстар басталды, дизель отыны бірінші кезекте ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен жанар-жағармай құю станцияларына жеткізіледі. Әлеуметтік желілерде көліктер жай ғана баға ыңғайына қарай жанармай құйып әкетіп жатқаны түсірілген видеолар тарап жатыр", - деді Ақшолақов.

Оның айтуынша, көршілес елдерде дизель отынының бағасы литріне 420-450 теңге. Арменияда литрінің бағасы 700 теңгеден жоғары болса, Қазақстанда дизель отыны литріне 230-250 теңге шегінде сатылады.

"Әрине, мұндай жағдайда рұқсат етілмеген ағынға, әсіресе дизель отынына өте қатаң бақылау орнату қажет. Жанар-жағармайдың басқа түрлеріне, АИ-92, 95 маркалы бензин бойынша диспропорция сақталғанымен, бұл жұмыс тапшылықтың алдын алу мақсатында арнайы комиссия аясында жүргізіліп жатыр, бұл мәселелер қаралады", - деді ол. 

Министрдің айтуынша, дизель отынының маусымдық тұтынуы шілдеден қыркүйекке дейін ең жоғары деңгейге жетеді.

"Сондықтан қазір осы комиссия аясында ҚТЖ-дағы әріптестермен, барлық мұнай өңдеу зауытымен бірлесе отырып, күнде, кейде тіпті күніне бірнеше рет жұмыс атқарып жатырмыз. Бұл мәселені шешу үшін цистерна санын көбейту мақсатында үнемі онлайн байланыста боламыз", - деді Болат Ақшолақов.

Энергетика министрлігі басшысы соңғы екі күнде дизель отынының жөнелтілімі айтарлықтай артқанын, жылжымалы құрам артық көлемде жеткізілгенін айтты.

"Бүгінде алыс-жақын аймақтардың бәрі жол жүру уақытын есепке ала отырып, 3 күннен 10 күнге дейін жететін жанармаймен қамтамасыз етілген. Бұл жерде ешқандай проблема жоқ, барлығын орынсыз дүрбелең туғызбауға шақырар едім. Елімізде жанармай өндіріледі, зауыттар жұмыс істеп тұр, қосымша қорлар қалыптасты. Жоғарыда айтқанымдай, тамыздың аяғына дейін 288 мың тонна дизель отыны болады, бұл – пайдалану резервтері. Өйткені ай сайын артық жарты миллионға жуық өнім шығарылады.

Қор бітеді, жанармай таусылады деп айтуға келмейді, олай емес. Бұл техникалық тіл, бұл резервтер дәл осындай тапшылықтың алдын алу тұрғысынан жасалған. Зауыттарда күтпеген тоқырау болған жағдайда немесе жөнелту мүмкіндігіне байланысты екі аптадан бір айға дейін қажеттілік орнын жабатын қорлар қалыптасады", - деп қосты ол.

Министр елімізде дизель отынды пайдалануды шектеу туралы бұйрық өз нәтижесін береді деп есептейді.

Ақшолақовтың айтуынша, логистикалық мәселелер шешіліп жатыр.

"Сондықтан мен осының бәрін дүрліктірмеуге шақырамын, елімізде жанар-жағармай бар, зауыттар жұмыс істеп тұр, елде мұнай жеткілікті мөлшерде өндіріліп жатыр. Бізге қазір логистикалық желілерді оңтайландыру, рұқсат етілмеген ағынды азайту керек. Логистика мәселесі бірнеше күннің ісі. Менің ойымша, бәрі бір қалыпқа келеді", - деп түйіндеді министр.