14 қыр, 2021 сағат 13:34

Министр битум өндіру жоспары неге орындалмағанын түсіндірді


Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының құнына әсер ететін битум өндіру жоспары 96 пайыз ғана орындалған. Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында осының себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әуе отыны бойынша көрсеткіш 100 пайыз орындалды. Мазут өндірісі жоспардан 13 пайыз артық. Сонымен қатар, есепті кезеңде 682 мың тонна битум өндірілді. Бұл - 8 айға жоспарланған көрсеткіштің 96 пайызына тең. Битум көлемінің төмендеуінің бірден-бір себебі – биыл қыста халық тарапынан газ тұтынудың ұлғаюы. Осыған байланысты «Газпромнефть – Битум» компаниясына газ беру шектелген болатын», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Министрдің сөзіне сенсек, мұнай-газ-химия өнімдерінің көлемі 96 мың тонна болып, жоспар 100 пайыз орындалған. 

Сондай-ақ, электр энергиясын өндіру жоспары да толық іске асып, 75,1 млрд КВт/сағатқа жеткен. 

Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында Ел аумағынан автомобильмен бензин әкетуге салынған тыйым тағы 6 айға ұзартылуы мүмкін екенін айтты. 

«Ішкі нарықты дизель отынымен тұрақты қамтамасыз ету үшін Павлодар мұнай-химия зауытындағы жөндеу жұмыстарының мерзімін ауыстыру немесе қысқарту мәселесі қазір пысықталуда. Бұған қоса бензинді, дизель отыны мен мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін Қазақстан аумағынан автомобильмен әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салуды көздейтін бұйрықты тағы жарты жылға созу мәселесі пысықталып жатыр», - деді министр.