Қазақстан Ауғанстанға бес мың тонна ұн түрінде гуманитарлық көмек көрсетті. Бұдан бөлек, ауған тарапының тағы бір өтініші болған. Бұл туралы сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қазір тек 5 мың тонна ұн жіберу туралы шешім қабылданды, ол жеткізіліп те қойды. Басқа көмек туралы мәселе тұрған жоқ. Жалғыз ғана нәрсе - ауған тарапы қазақстандық QazVac вакцинасын жекізу түрінде гуманитарлық көмек көрсетуді сұрады", - деді Тілеуберді сейсенбі күні журналистерге.
Ол Ауғанстанға жөнелтілетін QazVac вакцинасының саны қазір қаралып жатқанын мәлімдеді. Соңғы шешімді Қазақстан үкіметі қабылдайды.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ауған халқына гуманитарлық көмек ретінде 5 мың тонна ұн жіберу мәселесін пысықтап жатқанын айтқан еді. Тоқаев мұндай көмек "бұл елге үнемі көрсетілетінін" атап өтті.
Бұған дейін қазақстандық ұн тартушылар Ауғанстандағы саяси жағдайға алаңдаушылық білдірген еді. Ауғанстан ұн саудасында Қазақстанның ең ірі серіктесі болатын. Қазақстан экспорттайтын ұнның үштен екісі тікелей осы елге жөнелтілетін. Кейін Қазақстан СІМ республика БҰҰ қамқорлығымен Ауғанстанға халықаралық гуманитарлық көмек көрсету аясында бидай мен ұн жеткізуге дайын екенін мәлімдеді.
Қазақстан мен Ауғанстанның қарым-қатынасы
Сондай-ақ Мұхтар Тілеуберді Талибан* қандай жағдайда тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығарылуы мүмкін екенін түсіндірді.
"Талибан* қозғалысы БҰҰ-ның террористік ұйымдар тізімінде тұрғандықтан, халықаралық қауымдастық жаңа үкіметті әзірге мойындаған жоқ. Сол себепті, ең алдымен, оны мойындау үшін, БҰҰ қауіпсіздік кеңесі арнайы қарар қабылдауы керек. Барлығы Талибанның* басқа елдер алдындағы міндеттемелерін, халықаралық құқықты қалай сақтайтынына байланысты. Олар діни терроризм мен экстремизмнің таралуына жол бермеуі керек, көрші мемлекеттерге қауіп төндірмеуге тиіс", - деді министр үкімет кулуарында.
Айтуынша, Ауғанстанда экономикалық күйреу мен гуманитарлық дағдарыстың орын алуына жол бермеу керек. Себебі бұл бұл есірткі тасымалының өсуіне, діни экстремизмнің тарауына және босқындардың көбеюіне әкеп соғады.
"Қазақстан ауған халқына 5 мың тонна гуманитарлық көмек жөнелту туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ бұл елмен сауда-экономикалық байланыстарды да жандандыру керек. Қазір саяси келіссөз туралы сөз болып отырған жоқ. Әңгіме тек ауған халқына көмек көрсету жайлы", - деді Тілеуберді.
Еске салсақ, Ауғанстан қазір Талибан* қозғалысының бақылауында. Бұл - Қазақстанда, Ресейде және басқа да бірқатар елде тыйым салынған экстремистік діни ұйым.