02 сәу, 2022 сағат 19:09

Министр Ақмола облысындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерді аралады


Төтенше жағдайлар министрі Ақмола облысының Аршалы және Целиноград аудандарын аралап шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, министр Есіл өзеніндегі, Астана су қоймасындағы, Астана контрреттегішіндегі, Жібек Жолы ауылындағы, 42 разъездегі су тасқыны жағдайымен танысты.

Ұшу барысында аталмыш аудандарда қар басып жатқаны байқалды. Астана су қоймасы мен Есіл өзенінің акваториясында мұз әлі ерімеген. Су қоймасында ағыс байқалмайды. Мұз жүру қаупі әзірше жоқ.


Қазгидрометтің дауылды ескертуіне сәйкес, 2-6 сәуір аралығында Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының өзен бассейндерінде оң ауа температурасының сақталуы мен одан әрі артуының болжамына байланысты қарқынды қар еруі, еріген ағын қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендердегі су деңгейлерінің көтерілуі күтіледі.

"Қазгидромет" РМК ғарыштық мониторингінің деректері бойынша республикада қар жамылғысының ауданы – 45%. Қазіргі уақытта Қарағанды және Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарының оңтүстік аудандарында және Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарының барлық дерлік аумағында қар жамылғысы жоқ.