Фото:elements.envato.com
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев ABS, қауіпсіздік жастықтары және SOS түймелері жоқ төмен экокласты көліктерді шығаруға рұқсат беру туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
Сенатта журналистер сауалына жауап берген министр Қазақстанда көлік шығаруға қойылатын талаптар жеңілдемейтінін айтты.
"Біз Еуразиялық одаққа мүшеміз, кез келген стандарттарды өзгерту туралы барлық шешім одақ аясында қабылданады. Өкінішке қарай, көрші елдерде автокөліктерді толық жиынтықта шығару мүмкін емес, сондықтан олар ақпанға дейін Еуразиялық одақ аумағында толық емес жиынтықтағы өндіріс стандарттарын өзгертуді сұрады. Бұл тек Беларусь Республикасы мен Ресейге қатысты.
Бірақ Қазақстан аумағында бұл өндіріс жүргізілмейді және бұл көліктер де кірмейді. Сондықтан Қазақстан аумағында мұндай жиынтықта ешқандай өндіріс жүргізілмейді", - деді Өскенбаев.
Еске салайық, бұған дейін БАҚ-та Қазақстанда ABS, қауіпсіздік жастықтары және SOS түймелері жоқ, төмен экологиялық кластағы көліктерді шығаруға рұқсат етілгенін хабарлаған болатын. Индустрия министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.