ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Алматыда полиция қызметкерінің әріптесінің қолынан қаза табуы оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министр табельдік қарудан жараланған полицей кеше, 26 қыркүйек күні көз жұмғанын және адам өлтіру фактісі өзара жанжал кезінде орын алғанын нақтылады.
«Күдікті кезекшілікке келіп, қаруды қабылдаған. Кейін гаражға автокөлікті алуға шыққан кезде, ол туысқанымен, яғни әпкесінің күйеуімен жолыққан. Әпкесінің ортақ некеден үш баласы бар», - деді Сенаттың пленарлық отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап берген Қ. Қасымов.
Белгілі болғандай, көз жұмған қызметкер кезекшілігін тапсыруға келген. «Соңғы алты ай мерзімде ол отбасымен бірге тұрмаған көрінеді. Кешқұрым қызметкерлер кездесіп қалған кезде жанжал туындап, соның салдарынан біріншісі қарудан оқ атқан», - деп нақтылады ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Еске салайық, кеше, 26 қыркүйек күні Алматыда жергілікті полиция инспекторы әріптесін қарудан жарақаттаған болатын.
Кейін қос полиция қызметкері жақын туысқандар екені анықталды.
Жарақат алған тәртіп сақшысы сол күні, түнгі сағат 22.00-де ауруханада көз жұмды.