Сурет: Хабар 24
Кейінгі аптада ҰБТ тапсыру кезінде 21 адам ереже бұзған. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Instagram-парақшасында айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ол ҰБТ-дағы әрбір жоғары нәтиже жіті қадағаланатынын атап өтті.
"Біз ҰБТ-дағы әрбір жоғары нәтижені тексереміз. Кейінгі аптада тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 21 адам шығарылып, нәтижелері жойылды", - деді Руслан Емелбаев.
Сонымен қатар, ҰТО директоры жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлерді қайта бақылау барысында ерекше назарға іліккен тестіленушіге тоқталды.
"Тест тапсырушы қаңтарда - 72 балл, ал негізгі ҰБТ-да 130 балл жинаған. Нәтижесі бірден 58 балға өскен, сондықтан қосымша күшейтілген бақылау өткізуді жөн көрдік. Бейнежазбаларды тексеру барысында талапкердің ҰБТ ережелерін бұзғаны белгілі болды. Ол тестілеу барысында бейнекамера мен миниқұлаққап қолданған. Бұған жол берген қызметші тестілеуден шеттетілді. Қызметтік тексеріс жүргізіліп, тиісті шара қолданылады. Ал тест тапсырушының нәтижелері жойылды. Ол енді екінші мүмкіндігін қолдана алмайды", - деді ол.
ҰТО басшысы Руслан Емелбаев оқушыларға жүйені алдауға тырысудың қажеті жоғын айтып, жауапкершіліктен ешкім құтыла алмайтынын түсіндірді.
"Сіздерді тағы да академиялық адалдықты сақтауға шақырамын. Ал біз бақылауды одан әрі күшейтеміз", - деп түйіндеді ол.
632 рет оқылды