«Ashyq» жобасының адал қатысушыларына демалыс күндері жұмыс істеуге рұқсат беру керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ashyq» жобасының адал қатысушыларын ынталандыру мақсатында оларға демалыс күндері жұмыс істеуге рұқсат етуді сұраймыз. «Қоңыр-қызыл» аймақта бастапқыда сенбі күні сағат 22.00-ге дейін, ал «Ashyq» жобасының көшбасшыларына сағат 24.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етуді ұсынамыз», - деді ол.
Сонымен қатар ол 10 тамыздан бастап қызметкерлерді міндетті түрде бірінші компонентпен егу күшіне енгенін, алайда нақты тексеру алгоритмі бекітілмегенін, мониторингілік топтар субъектілерді қалай тексеретіні де түсініксіз екенін баса айтты.
«Өңірлерде орын алған түрлі жағдайларға байланысты «Ashyq» жобасы бойынша Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің бірыңғай қаулысын орнатуды ұсынамыз. Бұған дейін бұл ұсыныс ескерілген болатын, бірақ «қызыл» аймақ енбей қалып отыр. Осы талапты «қызыл» аймақтағы өңірлерге таратуды сұраймыз. Өйткені, қазір өңірлердің басым бөлігі «қызыл» аймаққа еніп отыр», - деді Нариман Әбілшайықов.