Жаңа өнеркәсіптік саясат аясында «Бизнестің қарама-қарсы міндеттемелері» деген ұғым енгізілмекші. Бұл ұғым мемлекеттен қолдау тауып, бірақ оны тиімді пайдаланбаған кәсіпорындарды алған қаражатын қайтаруға міндеттейді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты өнеркәсіп саясаты департаментінің директоры Лаура Садыкова айтты.
«Мемлекеттік ынталандыру шараларын іске асыруда бизнестің қарама-қарсы міндеттемелерін енгізу, соның ішінде міндеттемелердің сапасыз немесе уақтылы орындалмағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Яғни, қолдау берілген қаражатты қайтару, өтемақы төлеу, айыппұл арқалау, өсімпұлдар төлеу сияқты жауапкершіліктер жүктеледі. Сонымен қатар, бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін келісім жасау арқылы ынталандырудың аралас пакетін алу мүмкіндігі көзделіп отыр. Бұл бизнеске ұзақ мерзімді перспективада өндірістік қызметті жоспарлауға мүмкіндік береді», - деді ведомство өкілі.