19 қыр, 2025 сағат 14:24

Миллиондаған теңгені декреттік жәрдемақыға байланысты алаяқтық жолмен тапқан


Фото: Pixabay


Қызылордада мемлекетке 22 млн теңге залал келтірген алаяқтар сотталды, деп хабарлайды  облыстық соттың баспасөз қызметі.


Қызылорда қаласының №2 сотында аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі қаралды.


«Іс материалдарына сәйкес, А. мен Ж. қылмыстық жоспар құрып, жүкті әйелдер мен бала күтіміне байланысты мемлекеттік әлеуметтік төлем алушыларға бірнеше жұмыс орнын қолдан көрсетіп, жәрдемақыны негізсіз көбейтуге мүмкіндік берген. Сотталушылар әлеуметтік төлем алушылардың атынан жалған құжаттарды тапсырған. Соның салдарынан төлемдер көлемі заңсыз артқан», – деді сотта.


Нәтижесінде мемлекетке жалпы сомасы 22 млн теңгеден астам шығын келді: оның ішінде А. – 15 млн теңгеден, ал Б. – 7 млн теңгеден астам. Бұл іс алдын ала сөз байласқан алаяқтық деп танылды.


Сотталушылар кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеді. Бұдан бөлек, А. өзінің жүкті екенін мәлімдеді. Жәбірленуші тарап шығынның толық өтелгенін және айыпталушыларға қатысты талаптарының жоқ екенін растады.


Сот шешімімен А. 5 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын оның балалары 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдыру белгіленді. Ал Б.-ға 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді.


Амнистия туралы заңның күшіне енуіне байланысты Қызылорда облыстық соты А.-ға тағайындалған жазаны өзгертіп, оған 3 жыл 4 ай бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі.