Португалияның Público басылымы Ресейдің 55 жастағы миллиардері, "Челси" футбол клубының иесі Роман Абрамович сефард еврейлерінің ұрпағы ретінде Португалия азаматтығын алғанын анықтады.
Мақала авторының жазуынша, азаматтық алу процесі 2020 жылдың сәуірінде басталып, 2021 жылдың сәуірінде аяқталған. Журналист Абрамовичтің азаматтық алғанын дәлелдейтін құжатты өз көзімен көргенін айтады.
Бизнесмен айналасындағы адамдардың бірі РБК басылымына "Португалияның "Қайта оралу туралы" заңының арқасында биыл жыл басында Абрамович Португалия азаматы болды. Бұл заң сефард еврейлерінің (Испания мен Португалиядан шыққандар) мен конверсо еврейлерінің (күшпен шоқындырылғандар) Португалия азаматтығын алуына мүмкіндік береді", - деп жауап берген.
- 14 миллиард доллары бар Абрамович осылайша Португалиядағы ең бай адам болып шыға келді,- деп жазады Público басылымы.
Абрамович бұрын Ұлыбританияда тұрған, бірақ Британия визасын создыру қиындаған соң 2018 жылы Тель-Авивке көшіп кеткен. Израильдің "Қайта оралу туралы" заңына сүйеніп Израиль паспортын алған.
Роман Абрамович әлемнің көптеген елдеріндегі еврейлер қауымдастығының жобаларын белсенді қаржыландырады. Өзі Ресейдегі еврейлер қауымдастығының қамқоршылар кеңесі мен Еврей музейі және толеранттылық орталығын басқарады. Público жазуына қарағанда кейінгі жылдары Роман Абрамович Порту қаласындағы Португалия еврей қауымдастығымен ынтымақтасқаны байқалған.