20 қар, 2021 сағат 18:15

Мигранттар Беларусь шекарасында поляк полициясына тас лақтырды


Таяу Шығыстан келген мигранттардан құралған бірнеше топ тағы да Еуроодақ аумағына белорус-поляк шекарасы арқылы заңсыз өтпек болды. Олар поляк полицейлерінің көліктеріне тас лақтырды. Бұл жөнінде Польша полициясы Туиттерде хабарлады.

Польша шекара қызметінің айтуынша, ең ірі топтың құрамында 200 шақты адам болған, қалғандарында ондаған адам болған. Олар күштік құрылым өкілдеріне жас ағызатын газ шашып, петарда қолданған. Алайда ешқайсысы шекараны бұзып өте алмаған. Польша жағынан ешкім зардап шекпеген. 

Жұма, 19 қарашада бақылау-өткізу пунктінен тыс жерде шекараны заңсыз кесіп өту талпынысы бойынша 195 оқиға тіркелген. Құжатсыз жүрген 5 мигрант және шекараны заңсыз кесіп өтуге арандатты деген күдікке ілінген бірнеше адам ұсталған. 

  • Биыл Беларусьтің Еуроодақпен шекарасында көші-қон дағдарысы туындады. Бұған дейін Александр Лукашенко Беларусь Еуроодаққа барғысы келетін құжатсыз мигранттар мен есірткі саудагерлерін бұдан әрі қарай бөгемейтінін мәлімдеген. 
  • Еуроодақ Лукашенконы дағдарысты қолдан ұйымдастырды деп айыптайды. Кейінгі айларда Минскіге Таяу Шығыстан ондаған мың мигрант келген. Көбі Сирия мен Ирак азаматтары. Көптеген журналистік зерттеулер мигранттардың Еуропаға сапарын Беларусь билігі ұйымдастырды деген болжамды растайды. 
  • Эстония СІМ Эва-Мария Лийметстің айтуынша, Лукашенко егер Еуроодақ оның Беларусь президенті екенін мойындап, санкцияның күшін жойса, дағдарысты тоқтатуға уәде берген. Минск бұл ақпаратқа түсініктеме бермеді.