Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы «Mudarabah Capital» қаржылық пирамидасына қатысы бар деген күдікке ілінген вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовты он тәулікке қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бұдан бұрын Алматы қаласының тергеу сотының қаулысымен шығарылған Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа қатысты он тәулік мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Аталмыш соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылды. Аталған іске қатысты өзге де ақпаратты ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексінің 201-бабына сай тергеу орындарынан білуге болады», - деді Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің өкілі Абай Жарылқасын.
Айта кетсек, сот актісіне қатысты күдіктілердің өкілдері апелляциялық шағым түсірген болатын.
19 сәуір күні Алматыда «Mudaraban Capital» қаржы пирамидасының төрт ұйымдастырушысы қамауға алынғаны туралы жазған болатынбыз.
Кейін танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов 10 тәулікке қамауға алынды.